Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің құқығын бұзған мектеп басшылығы және ата-аналар жазаға тартылатынын айтып отыр. Министрдің сөзінше, әр мұғалім балаларға сапалы білім беруі керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл жайлы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Осы уақытқа дейін, мектепті жөндеу жұмыстарын тартқан жауапты кісілер сазайын тартқан.
"Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке орай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі.
Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтерді лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының м.а. әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді А.Аймағамбетов.
Тағы оқи отырыңыз: ҰБТ кезінде кезекші мұғалім талапкерге тест сұрақтарын көшіруге көмектескен (ВИДЕО)
Одан бөлек, салаға жауапты министрі аз уақыттың ішінде білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш түскенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, өтініштердің нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылған.
"Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті. Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау туралы да есте сақтауы қажет. Өйткені жаңа Заңның талаптары да жаңа.
Педагогикалық қызметпен айналысатын әрбір жан жас ұрпаққа үлгі болып, өз жұмысында адамгершілік қағидалары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс. Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі.
Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырудамыз.
Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді бастады.
Болашақта этика бойынша Кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады. Барлығымыз мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп жөніндегі кеңесінің тиімді жұмысының куәсі болдық. Біздің жаңадан құрылған Кеңестеріміздің қызметі соның үлгісі бойынша ұйымдастырылады. Мұның бәрі – үлкен бастама: әр мұғалім өзінің мәртебесін мақтан тұтуы керек. Ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, сапалы білім беруі керек.
Өйткені біздің балаларымыздың әл-ауқаты мен білімі ұстаздардың қолында. «Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын - ұстаздікі» - дегендей осы тарапта алдымызда әлі де біраз жұмыс бар екені белгілі", - деп жазды министр Facebook парақшасында.