$ 444.22  476.38  4.82

Қазақстаннан шетелге қыздарды құлдыққа сатқан қылмыстық топ ұсталды

Бахрейнге апарған әр қызды 5-15 мың долларға сатқан. Манамаға келгеннен кейін қыздардың төлқұжатын тартып алып, бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жас қыздарды Бахрейнге секс құлдыққа сатқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Адам саудалағандардың арасында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары бар. Қылмыскерлер ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігінде тұрмысы төмен 16 мен 25 жас аралығындағы қыздарды алдап, шетелге шығарумен айналысқан. Құқыққорғаушылар қыздардың сеніміне кіріп, шетелде жалақысы жоғары жұмысқа тұрғызуға уәде берген қылмыстық топтың мүшелерін анықтады.

«Қыздар келіскеннен кейін, төлқұжат рәсімдеу, кәмелетке толмағандарды мемлекеттік шекарадан шығару, оларды Бахрейн корольдігіне жеткізу мәселелерін шешкен», - деп мәлімдеді полиция.

Бахрейнге апарған әр қызды 5-15 мың долларға сатқан. Манамаға келгеннен кейін қыздардың төлқұжатын тартып алып, бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Мұндай талапқа көнбегендерді күш көрсетіп, 500 мың теңгеге дейін айыппұл салып жазалаған. Тіпті, басқа «жеңгетайларға» қайта сататынын немесе құқық қорғау органдарына хабарлайтынын айтып қорқытқан. Бахрейн заңнамасында жезөзекшелікпен айналысқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 135-бабы («Кәмелетке толмағандар саудасы») және 128-бабы («Адам саудасы») бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетсек, Қазақстанда адам сатқаны үшін мүлкі тәркіленіп, 9-дан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал кәмелетке толмағандардың саудасы үшін 12-18 жылға түрмеге қамалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары