Қарағандылық кәсіпкер Сергей Ким серіктестерінен қысым көргенін айтып, араша сұрап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Компанияның өзге құрылтайшылары оның үстінен арызданған. Бизнесменге «аса ірі көлемде қаржы жымқырды» деген айып тағылуда. Алайда, кәсіпкердің адвокаты қылмыстық істің заңсыз қозғалғанын айтады. Әрі сотқа дейінгі тергеу жұмыстарында бірқатар олқылық кеткен.
Сергей Ким басқаратын кәсіпорын өндіріс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысады. 2011 жылы ол директор болып тағайындалады. Ал бір жылдан соң құрылтайшылар құрамы бекітіледі. Айтуынша, билікке таластың басы да осыдан басталған. Серіктестері компанияның бас директоры әрі құрылтайшысы етіп бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінде еңбек еткен таныс адамын сайламақ болады. Ол ойлары іске аспаған соң Сергейді «компанияның ортақ қаржысын жымқырды» деп айыптап, Полиция департаментіне арыз түсіреді. Осылайша, 2019 жылы кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалады.
«Қылмыстық іс қозғау үшін компанияға келтірілген шығын көлемі нақты көрсетілу керек, яғни аудиторлық есеп болуы шарт. Бірақ, ол құжат жоқ. Демек, Полиция департаментінің маған қарсы іс қозғауының өзі заңға қайшы. Өкінішке қарай, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ», - дейді кәсіпкер.
Арызданушы тарап ұрланған ақшаның нақты есебін көрсетпеген соң, Қарағанды облыстық Полиция департаменті тәуелсіз аудиторлардың компанияға тексеріс жүргізуін сұрайды. Бірақ, олар есеп-қисап құжаттарынан ешқандай алаяқтық әрекетті таппаған.
«Арызданушы тарап полиция тапсырмасымен жүргізілген аудиторлық есепте ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін білген соң, тергеу сотына жүгінеді. Ал тергеу соты ол тексерісті заңсыз деп тауып, аудиторлық есепті қайтадан өткізу жөнінде шешім шығарады. Ең қызығы, екінші рет тексеріс жүргізетін адамды жәбірленуші жақ ұсынған әрі оның бұл қызметке арнайы лицензиясы болмай шықты», - дейді адвокат Бақыт Ахметова.
«Қолында құжаты жоқ адамның аудиторлық тексеріс жүргізуі қаншалықты заңды?», «Келтірілген шығын көлемі нақты көрсетілмеген жағдайда қылмыстық іс қозғалуы дұрыс па?» деген сауалдарды телеарна Жоғары сотқа, Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне жолдап, хат жазған. Жауап тек облыстық прокуратурадан келді.
«Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Соның қорытындысымен процессуалды шешім қабылданады. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жария етілмейді. Бұл тергеу жұмыстарына әсер етуі мүмкін. Сондықтан сіз қойған сауалдарға қазір жауап беру мүмкін емес», - делінген онда.
Ал тергеу жұмыстарының жүріп жатқанына бір жылдан асып кетті. Компания құжаттарының түпнұсқасы түгелімен полицияда жатыр. «Бұл бизнесті жүргізуге тұсау болып тұр. Егер жалғаса берсе, кәсіпорын банкротқа ұшырайды», - дейді күдікті Сергей Ким.