«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» демекші, азаматтық қоғам құру үшін білім мен ғылым, өнер мен денсаулықты қатар дамытумен бірге, ішкі тәртіптің де болуы аса маңызды. Адам құқығының тапталмауы, өзгенің моральдық, материалдық принциптеріне қол сұқпау сияқты ережелер әр адамның ішкі заңымен қорғалып қана қоймай, мемлекеттік деңгейде бақылауда болуы заңды құбылыс. Өйткені, адами факторлардан бөлек, өмірге қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды болдырмау тәрізді маңызды мәселелер тек жоғары, басшылық тараптан шешілетіні даусыз. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы сәуір айында болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың кездесуде көтерген мәселелеріне тоқталып көрген болатын.
Қоғам тәртібі Президенттің бақылауында
Мемлекет басшысы қабылдау кезінде осы жыл басы көлеміндегі қылмыстық-тәртіптік шаралар мен ішкі істер министрлігінің жасап жатқан жұмыстарының барысымен тікелей хабардар болған еді.
Министр қызмет бөлімдерінде болып жатқан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері мен жақсы тенденцияларымен бөліскен-ді. Тұрғымбаевтың сөзінше биыл еліміздегі қылмыстық деңгей 13%-ға төмендеген. Оның ішінде ұрлық-қарлық, бұзақылықтар 37 %-ға азайып, қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артқан.
Одан бөлек, жол қауіпсіздігінің жай-күйі, Мемлекет басшысының «жаяу жүретін полиция» қағидатын қамтамасыз ету және учаскелік инспекторлар қызметін реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.
Есеп беру барысында есірткі мәселесі де назардан шет қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа нашақорлық пен оған қарсы күрестің жағдайы туралы ақпарат берілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, бірінші тоқсанда полиция осы саладағы 860 қылмыстың бетін ашқан, синтетикалық есірткі шығаратын 8 зертхана жойылып, 1 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Осы орайда сәуір айының ішіндегі есірткіге қатысты орын алған оқиғаларға шолу жасап көрейік.
Жағымсыз әдетке үндейтін жарнамалар жойылып жатыр
Астанада полицей қызметкерлері бұзылған үйлер, көне ғимараттар мен бос алаңдардағы нашақорлыққа үндейтін, оны сатып алуға шақыратын жарнамаларды жоюмен айналысуда. Жыл басынан бері жергілікті тұрғындардан есірткі жарнамасына қатысты полиция бөлімшелеріне жиырмадан аса арыз кеп түскен.
Арыз бойынша тексеріс жұмыстарын бастап кеткен бөлімше инспекторлары Құтпанов көшесіндегі үй қабырғасынан аталған мәтіндегі жарнама жазбасын тауып алды. Оны қызметкерлер өшіру мақсатында басқа түсті бояумен сырлап тастады.
Одан бөлек, қала ішінде «Қауіпсіз аймақ» профилактикалық шарасы да өтіп жатыр. Құқықтық тәртіпті қадағалау барысында ұйымдастырылып жатқан шара кезінде инспекторлар төрт мыңға жуық тұрғын үй алқабын, үш мың екі жүз пәтер, төрт жүз алпыс бес жеке үйлерді тексеріп шықты. Жергілікті тұрғындарға тұрғылықты бөлімше сақшыларының визитка карталары таратылды. Жүз елу алты кәсіпорын тексерістен өтіп, оның қызметкерлеріне өзгенің мүлкін ұрлаған жағдайда қолданылатын шаралар туралы жазылған ескертпе қағаздары да берілген еді.
Бақылау-тексеру кезінде отыз төрт мекен-жайсыз жүрген азаматтар анықталып, олардың он бірі бақылау бөлімшелеріне орналастырылды.
Сонымен қатар, Қызылордада өткізілген оперативті-профилактикалық «Дәрмек» шарасы кезінде облыс аймағындағы он алты дәріхана, бір қойма мен бес денсаулық сақтау мекемелері тексерілген болатын.Нәтижесінде ҚР Кодексінің 427 бабына сәйкес үш есірткі сату және сегіз құқық бұзушылық фактілері анықталды.
Одан бөлек, анашаны үлкен көлемде тасымалдау мен сату әрекеттері бойынша Атырау мен Астанада да деректер тіркелді. Заңсыз айналымға түскен есірткінің 18кг 349 грамы тәркіленген.
Сондай-ақ Жаңақорған қаласының тұрғынынан да анашаны тасымалдау мен сату мақсатында сіріңке қорабына салып дайындаған бір килограмнан аса есірткі табылып, арнайы шаралар қолданылған еді.
«Есірткі бизнесіне қатысты қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасында сенім телефоны жұмыс істейді: 27-55-42», - деді Қызылорда облысы бойынша полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.
Әйел мен бала мәселесі де назардан тыс қалмайды
Президент пен министр кездесуі кезінде қазіргі таңда еліміздегі ең маңызды мәселелердің бірі отбасылық зорлық-зомбылық, кішкентай балаларға физикалық-моральдық күш көрсету мәселелерінің алдын алу, тергеу жұмыстарын жүргізудің жаңа модельдерін жасау туралы да сөз болды.
Атап айтқанда, Ерлан Тұрғымбаев әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің штаттық кестесін құру, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстары туралы қылмыстық істерді тергеуге әйел тергеушілердің мамандандырылуын кезең-кезеңімен енгізу туралы хабарлаған еді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында министр Тұрғымбаев жыныстық мәжбүрлеуге ұшыраған кәмелет жасқа толмаған балалар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мәселесімен ендігіде әйел-тергеушілер айналысатынын айтқан болатын.
Ведомство басшысы сексуалдық қылмыстардан зардап шеккендермен жұмыс істейтін әйел қызметкерлерге арнайы оқыту мен білім беруді тапсыра отырып:
«Бұл жұмыс саласына тәжірибелі жауапты қызметкерлерді тағайындау, зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау бағдарламасын кеңінен қолдану және жеке ақпараттың құпиялығын қатаң сақтау қажет», - деген болатын.
Ал ақпан айында полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха облысына жұмыс сапары барысымен барып, КСК құрамымен кездесу кезінде де министр бастамасын жалғастыруды ұсынған. Өз сөзінде ол жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың мемлекеттің қолдауына мұқтаж екенін ескерте отырып, бұл нәзік мәселеде әйел-тергеуші қызметкерлердің ықпалы маңыздырақ болатынына сенім білдірген еді. Осы орайда жауапты мамандарды тағайындап, әйел қызметкерлердің аталған бағыт бойынша білім алып, жұмыс істеуіне барынша жағдай жасау керектігін тапсырған болатын.
Елдің ішкі тәртібі Ішкі істер министрлігінің қолында
Елдегі даму секторы білім мен ғылым, мәдениет пен өнерге, ал денсаулық медицина мен спорт салаларымен байланысты болса, ішкі тәртіп пен тұрақтылық Ішкі істер министрлігінің құзіретіндегі мәселе екені даусыз. Ал болашақты моральдық және тәртіптік құндылықтарсыз елестету мүмкін емес. Осы орайда басты назардың бірі аталмыш министрлікке түсуі де заңды құбылыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сәуірдегі кездесу барысында Ерлан Тұрғымбаевқа ішкі істер органдарын цифрландыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсыруы да бекер емес. Сондай-ақ, қабылдау сәтінде Мемлекет басшысы кадрлармен жұмыс және департаменттің ақпараттық саясатын жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтып өткен болатын.
Демек, елдің ішкі тәртібі мен Қазақстан азаматтарының құқығының қорғалуы президенттің назарында деген сөз.