Полиция қызметкерлерінің өмірі тосын жайттар мен оқыс оқиғаларға толы болатыны бәрімізге белгілі. Дегенмен, адам тағдырына араша болар ауыр сәтте батыл әрекет етіп, жедел қимылдауға шешім қабылдау тек жүректілердің қолынан келетін іс шығар. Жаны өмір мен өлімнің арасында қалған немесе өзіне ажал тілеген тірі жан иесін құтқарып қалуға тырысқан тәртіп сақшысының жүрегі жылы болғанмен, қайсарлығы құрышпен пара-пар емес пе?! Бұған осы жазбамыздың кейіпкері Әлия Анаева мықты дәлел бола алады.
Инспектор ғимараттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды
10 қыркүйекте ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Ренат Унарбеков барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті, Алтай аудандық ішкі істер бөлімінің кадрлық саясат тобының инспекторы Әлия Анаеваға табыс етті. Инспектор бұл бағалы медальді адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін алды. Нақтырақ тоқталсақ, бұл оқиға былай өрбіген болатын.
12 тамызда сағат 07: 45 -те жұмысқа кетіп бара жатқан инспектор Әлия Анаева бір ер адамның терезеге көтеріліп, өзін Алтайдың Курчатов көшесінде орналасқан ғимараттың 3 -қабатынан тастамақ болғанын байқап қалады.
Оқыс оқиға кезінде тосылып қалған жоқ
Шатырға көтерілген ер адам төменге секіремін деп айқайлады. Әлия Анаева бір минутты босқа өткізбестен, болған жағдайды дереу кезекші бөлімге хабарлайды және ер адамның назарын аударуға, оны тыныштандыруға және кенеттен қозғалыстар жасамауға көндіруге бағытталған шараларды жасауға кірісіп кетеді.
Алтай аудандық патрульдік полиция взводының қызметкерлері Айхан Авталипов пен Қуат Байшоков оқиға болған жерге бес минут ішінде жетеді. Ғимаратқа енген тәртіп сақшылары лезде құтқару жұмыстарын бастап кетеді. Үшінші қабатқа көтерілген Қуат Байшоков ер адамнан терезеден алыстауды өтінеді, содан кейін Айхан Әутәліпов ер адамның алаңдаушылығын пайдаланып, қолынан ұстап терезеден жұлып алып, бөлмеге алып кетеді. Полицейлер мән-жайды анықтаған кезде ер адамның алкогольді ішімдіктің әсерінен мас күйде болғанын анықтады.
Соңына дейін көмек қолын соза білді
Құтқарылған ер адамды тәртіп сақшылары дереу ауруханаға жеткізеді. Әлия Анаева алғашқы минуттан құтқару операциясы аяқталғанға дейін ер адаммен сөйлесіп, оны жаман ойдан алшақтатып, қайғылы апаттың алдын алуға бар күшін сала білді.
«Мен енді ол өзіне дұрыс қорытынды шығарады және өмірдің бізге берілген баға жетпес қазына екенін түсінеді деп үміттенемін», - деді ол.