Грузия үкіметі «шетелдік агент туралы» заң жобасын қайтарып алса да, Тбилиси көшелерінде қарсылық акциясы әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Белсенділер даулы құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған депутаттардың әрекетіне наразы. Наурыздың 8-і күні Тбилиси көшелеріне 40 мың адам шыққан еді. Қазір де олардың қатары сейілген жоқ.
Грузияда наразылық шерулері басылар емес. Шетелдік агенттер туралы даулы заң парламенттен кері қайтарылғанымен, халық тағы да көшеге шықты. Алғашқы 2 күнгі шеру мен қақтығыстардан кейін соңғы наразылық акциясы бейбіт жағдайда өтті. Оған үкіметтің шешімі әсер еткен.
Мамука Мдинарадзе, «Грузин арманы» фракциясының төрағасы:
- Сіздер біздің шешімімізді білесіздер. Біз азаматтардың болашағы мен қауіпсіздігін ойлайтын халықтық үкімет ретінде бұл заң жобасынан бас тартуды шештік.
Наурыздың 7-сі күні парламенттің шұғыл отырысында заң жобасының алғашқы нұсқасы қабылданған еді. Құжатта коммерциялық емес заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын шетелден қаржыландыру 20%-тен асса, шетелдік агент деп қарастыру ұсынылған. Олар арнайы тіркеліп, одан бас тартса айыппұл салу көзделген. Шерушілерге президент қолдау білдіріп, заңға вето қоюға уәде береді.
Саломе Зурабишвили, Грузия президенті:
- Халықты алғашқы жеңісімен құтықтаймын. Үкімет ұлт бірлігін көрді. Бұл ауызбіршілік қазір ғана емес, Еуропаға қарай ұмтылысымызда да танылады деп үміттенемін.
Наразылық шараларына қатысушылардың басым бөлігі – жастар. Көшеге елдегі 40 жоғарғы оқу орының студенттері шыққан.
Гоча Геловани, студент: - Біз үкіметтің бұл құжаттан ресми түрде бас тартуын қалаймыз. Осымен қатар биліктен барлық қамауға алынғандарды босатуды талап етеміз. Осы мәселелер шешілмейінше тарамаймыз.
Саясаттанушылар болса заңды парламентке ұсынбас бұрын үкімет түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек еді дейді.
Виктор Кипиани, саясаттанушы:
- Заңды агенттер туралы деп атаудың өзі біздің халықтың түсінігіне жат. Біздің мәдениетіміз бен рухымызға сай келмейді. Мұндай заңды қабылдаудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ туындап отыр. Бірақ оған нақты жауап берілмеді. Сондықтан құжатты ұсынушылардың ниеттері адал болса, оны бірден парламентте қарастыруға кіріспей, алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек еді.
Бейбіт шерулер Тбилисмен бірге Батуми және Кутаиси қалаларында да өтті. Наразылық акциялары кезінде шерудің алғашқы күндері қамауға алынған 130 адам босатылғаны белгілі болды. Бүгін кезектен тыс пленарлық отырыста даулы заң ресми түрде алынып тасталады.