24.05.2023, 17:20

«Бұтымызға жіберіп қойдық»: Пригожин Украина әскеріне қатысты шындықты мойындады

Фото: pravda.com.ua
Сөзсіз олар қазір әлемде ең мықтылардың бірі.

Ресейлік «Вагнер» ЖӘК қожайыны, терең қалталы олигарх Евгений Пригожин кезекті рет сұхбат беріп, Ресей Қорғаныс министрлігін һәм министр Сергей Шойгуды іреп-сойыпты. Сұхбат барысында Украина әскері жайлы ойын айтыпты.

«Киевті аламыз деп түбіне дейін жеттік. Орысша қарапайымдап айтсақ, бұтымызға жіберіп қойып, шегіндік. Онан соң Херсонға бардық. Онда да дәл солай шегіндік. Изюм, Қызыл Лиман... Біздің жоспарымыз мүлде болмай жатыр», - деген Пригожин: «АӘО (орыстар соғысты арнайы әскери операция деп атайды) сәтсіздікке ұшырады. Украина әскерін бүгінде бүкіл әлем таниды. Олардың әскері әлденеше есеге күшейді», - дейді.

«Вагнер» ЖӘК жетекшісі Пригожин өзгелердің қалай соғысатынын көргенін, сондықтан Украина әскеріне қатысты салыстырмалы түрде баға бере алатынын айтқан.

«Олардың (Украина әскерінің) ұйымдастыру деңгейі жоғары. Дайындықтары да мықты. Барлауы да жүйелі түрде жұмыс жасайды. Оларда қарудың сан түрі бар. Ол – ол ма, олар кез келген жүйемен жұмыс жасай алады. Кеңестік, НАТО-лық, кез келгенімен... Және олардың қазіргі жұмысы сәтті жүргізіліп жатыр. Сөзсіз олар қазір әлемде ең мықтылардың бірі», - дейді Евгений Пригожин.

Әрі қарай: «АӘО не үшін жасалды? Мақсаты денацификация еді ғой?.. Ал біз керісінде, Украинаны әлем танитын ұлт ретінде біріктіріп бердік. Ал демилитаризацияға келсек, оларда соғыс басталарға дейін шамамен 500 танк болса, қазір оларды мыңдаған танк бар. Соғыс басталарда 20 мыңдай жауынгері ғана соғыса алатын болса, қазір 400 мыңы дайындалған жауынгер. Демек, біз Украинаны керісінше күшейтіп жібердік», - дейді Ресейлік олигарх.

Mezgil.kz