№6 мектептің айналасында су бар.
Орынбор облысының Орск қаласында Елшанка өзені арнасынан асты. Бұл туралы қала мэрі Василий Козупица өзінің Telegram арнасында хабарлады, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
«Қаланың Щорс көшесінің ауданындағы Елшанка өзені арнасынан асып жатыр. Су Рабочий кенті жағынан келіп, өзен арнасының екінші учаскесінің аумағына кірді», - деп жазды ол.
Қала басшысы Ленинский ауданының басшысы Елена Колядинамен бірге Васнецов және Вяземская көшелерін аралап көрді.
«№6 мектептің айналасында су бар. Вяземская көшесінен Краматорскаяға дейін және Механикалық зауытқа дейінгі аумақты су басты», - деп нақтылады ол.
Козупицаның қосып өтуінше, билік қазір адамдарға хабарландыру айтып, полиция мен төтенше жағдайларды жою күштерімен бірге жағдайды пысықтап жатыр.
«Біз эвакуациялық автобустар мен уақытша орналастыру орталықтарын ұйымдастырдық», - деп түсіндірді ол.
Қала басшысының айтуынша, Станиславский көшесінде эвакуациялық бекет ашылды. Аудан басшылығы полициямен бірге онда тәулік бойы кезекшілік жүргізіп жатыр.