26.11.2026, 10:40

Каир маңындағы тасжолда жанармай таситын көлік өртеніп, 31 адам қаза тапты

Фото: albawabhnews.com

Бұл – Үлкен Каир аумағындағы халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі. 

Мысыр астанасы Каир маңындағы тасжолда жанармай таситын көліктің қатысуымен ірі жол апаты болды. Салдарынан кемінде 31 адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алды. Өрттен жиырмадан астам жеңіл көлік пен мотоцикл жанып кеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Апат Мысыр астанасын айналып өтетін Ring Road тасжолының Гиза провинциясындағы әл-Варрак ауданында болған. Бұл – Үлкен Каир аумағындағы халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі.

Оқиға орнына құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жетіп, жалынға оранған көліктерден адамдарды алып шыққан. Апат кезінде тасжолда кептелісте тұрған Ахмед Самир бірнеше көліктің өртенгенін көргенін айтты. Оның сөзінше, өрт өте қатты болған.

Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ал Бас прокуратура марқұмдардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрі Халед Абдель Гаффар жараланғандардың жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, қаза тапқандар саны әзірге алдын ала есептелген, сондықтан көрсеткіш өзгеруі мүмкін.