Иран АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (Central Intelligence Agency) 17 тыңшысын әшкерелеп қамауға алды. Бұл туралы 22 шілдеде Fars агенттігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Агенттік мәліметінше, ел аумағында жұмыс істеп жүрген агенттерді Иранның Ақпарат және ұлттық қауіпсіздік министрлігі анықтаған. Оларға қатысты сот үкімдері шыққан және кейбіреулері сатқын ретінде өлім жазасына кесілетіні айтылады.
Press TV телеарнасының мәліметінше, тыңшыларды ұстау шаралары соңғы бір жылда жүргізілген. Соның нәтижесінде агентуралық желі бұзылған.
Маусым айында Иран ұлттық қауіпсіздігі жоғарғы кеңесінің хатшысы Али Шамхани арнайы қызмет өкілдері «кеңауқымды американдық кибертыңшылық желіні» анықтағанын айтқан еді. Соның арқасында бірнеше елде ОББ қызметкерлері ұсталып, жазаланған.
Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасы бір жыл бұрын шиеленісе бастады. 2018 жылы Трамп Вашингтонның 2015 жылғы ядролық келісімнен шығатынын және Тегеранға қатысты санкцияларды қайта жандандыратынын мәлімдеді. Шектеу шараларының жаңа пакеті АҚШ-та қарашада күшіне енді.