Бүгін қырғыз-тәжік мемлекеттік шекара учаскесінде қарулы қақтығыс болды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғыз Республикасы мемлекеттік шекара қызметінің қоғаммен және БАҚ-пен байланыс жөніндегі бөлімінің хабарлауынша, оқиға кешкі жергілікті уақытпен сағат 17.20-да болған.
«Бүгін, сағат 17:20-да Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары арасында қақтығыс болды. Жанжалға Ворух (Тәжікстан Республикасы) ауылындағы тұрғындардың елді мекеннің кіре берісіне флагшток орнатуы себеп болды. Ақсай (Қырғыз Республикасы) ауылының тұрғындары бұл әрекетке қарсы шығып, екі жақ әуелі сөзге келіп, кейін қару қолданылған. Оқты азаматтық тұлға аңшы мылтығынан атқан», - делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша, атыстан 5 адам жарақат алған. Қазір Исфара-Ворух жол жабық тұр.
«Бұл аумақта негізінен Қырғыз Республикасының шекара бөлімшелері орналасқан. Екі елдің шекарашылары қақтығыстың қайталанып, ушықпауы үшін бірлескен іс-шаралар өткізуде. Оқиға орнында сондай-ақ, екі елдің құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері де жұмыс жүрігізіп жатыр», - делінген агенттіктің ақпаратында.