«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті Талғат Адуов Түркиядағы қазақ диаспорасының құрметті өкілдері – қазақ қоғамдық бірлестіктерінің басшыларымен кездесті.
Кездесу «Отандастар» қоры 30-31 шілде күндері Түркиядағы қандастармен ұйымдастырған бизнес-форум аясында өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жүздесуде Талғат Адуов бұл сапардың Түркиядағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік байланыс орнату және оларды қолдау аясында өтіп жатқанын айта келе, қор президенті мен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы басшысының сәлемін жеткізді», - деді қордың баспасөз қызметінен.
Қазақ диаспорасы тарапынан кездесуге Түркиядағы қазақтар қорларының басшылары – Қожа Ахмет Ясауи атындағы қордан Ілияс Сақа, Қазақ-түрік қоғамдық ғылыми-зерттеу бірлестігінің төрағасы Серкан Динчтүрк, белгілі қоғам қайраткері Мансұр Тәйжі, профессор, қоғам қайраткері Әбділуақап Қара және Түркиядағы қазақ диаспорасының басқа да белсенді мүшелері қатысты.