$ 444.32  473.33  4.76

«Атыс қаруын психикалық ауытқуы бар адамдар қолданып жүр» – президент

Партиядағы әріптестерінің де «ессіз әрі қауіпті, қысастық ниеттегі жауыз адамдарға атыс қаруын барынша қолжетімді етпеу қажеттігін» қалайтыны айтылған.

Ақ үй президенті атыс қаруларының психикалық ауытқуы бар адамдардың қолында болуын басты қауіп санайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы, The Qazaq Times-қа сілтеме жасап.

Қарапайым азаматтар тарапынан қоғамдық орындарда жаппай оқ жаудыру дерегі бойынша танымал АҚШ мемлекетінде соңғы жылдары «Атыс қаруының қолжетімділігі» туралы пікірталас қыза түскен.

Кеше президент Дональд Трамп қару сатып алушыларға қатысты тексеруді қатаңдату ұстанымын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, көп жағдайда жаппай ату әрекетіне психикасы сау емес адамдар бастамашылық етеді. Бұл мәселені шешу үшін президент АҚШ-та жаңа психиатриялық ауруханалар ашуды ұсынды. Ол Сенаттағы республикалықтардың көшбасшысы Митч Макконнеллмен және өзге де республикашылармен атыс қаруын қолдану және зорлық-зомбылық мәселесі туралы сөйлескенін мәлімдеді.

Трамп хабарламасында партиядағы әріптестерінің де «ессіз әрі қауіпті, қысастық ниеттегі жауыз адамдарға атыс қаруын барынша қолжетімді етпеу қажеттігін» қалайтыны айтылған. Reuters агенттігінің ақпаратынша, Трамп:

«Біз арам пиғылдылар мен ес-ақылында ауытқуы бар пациенттердің қандайда бір қаруға иелік етуін қаламаймыз. Олар тапанша шүріппесін басады. Тапанша өздігінен атылады. Біз психикалық науқастарға назар аударуымыз керек», – деген.

Реакцияшыл президент қоғамның бұл мәселеге жіті назар аударуы керектігін айтып әрі 1960-1970 жылдары АҚШ-та көптеген психиатриялық ауруханалар жабылғанын еске салды. Ондағы емделушілері еш бақылаусыз үйлеріне жіберіліп, ем-шарасыз қалғандығымен өз сөзін толықтырды. Президенттің пікірінше, психикалық ауру адамдарға көмек көрсету үшін осындай үлгідегі жаңа емдеу орындарын ашу қажет.

«Біз олардың көшеде қалуына жол бермеуіміз керек», – деп қорытындылаған Трамптың кезекті ұсынысы АҚШ-тың БАҚ беттері мен ел арасында қызу талқыға түсуде. Осыдан бір апта бұрын АҚШ-тың 200-ден аса қала мэрлері, Сенаторлар өздерінің жазғы демалысын үзіп, шұғыл түрде «Атыс қаруларын сатуға бақылауды күшейту туралы» заң жобасын қабылдауын талап еткен еді.

Мұндай ұсыныс Эль-Пасо (Техас штаты) және Дейтон (Огайо штаты) қалаларындағы 31 адамның өлімімен орын алған қанды оқиғадан кейін бірнеше күн өткен соң жасалған. Зерттеу институттарының деректер базасына сәйкес, 13 сағат ішінде екі штатта бірінен соң бірі болған қайғылы оқиға – осы жылдың басынан бергі 21-ші және 22-ші жаппай кісі өлтіру фактісі. Жалпы, жаппай кісі өлтіру оқиғасы шабуылдаушыны қоспағанда, 4 адамның қаза табуымен есепке алынады. Басқа мәліметтер бойынша, жыл басынан бері төрт кісіден аз жараланған я көз жұмған оқиғалар саны 250-ден асады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары