Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы бас прокуратураның әкесінің мүлкі жайлы мәліметті бұрмалап отыр деп есептейді, деп жазады Азаттық.
Кадырбек Атамбаев бүгін, 18 тамыз күні Facebook желісіндегі өзінің парақшасында бас прокуратура «өз жанұясына тиесілі емес мүлікті тіркеп жібергенін» жазған. «Билік өкілдері айтқан 120 мүліктің ішіндегі 101-і Атамбаевқа да, оның жанұясына да тиесілі емес екенін атап көрсеткім келеді. «КыргызАвтомаш» біріккен акционерлік қоғамы 2007 жылдан бері бізге тиесілі емес» дейді ол.
Кадырбек Атамбаевтың айтуынша, олардың жанұясында «Кыргызстан» банкінде 2002 жылы ашылған жалғыз есеп-шот бар. Ал «Апрель» телеарнасының Жалал-Абадта мүлкі жоқ. Телерадио ұйымдары қауымдастығы да Атамбаевтар жанұясына тиесілі емес.
Атамбаевтың ұлы әкесінің Кой-Таштағы үйден басқа мүліктері ол президент болғанға дейін алынғанын айтады. Ол бас прокуратура дерегінде Атамбаевтың мүлкі ретінде аталған 1985 жылы қайтыс болған атасының үйі де енгізілгеніне таңғалып отыр.
«Әкеміз тоқсаныншы жылдардың басына бастап кәсіпкер және меценат ретінде белгілі болғанын еске салғым келеді. Ол - өзінің жағдайын мемлекеттік қызметте емес, бизнеспен айналысып жүріп жасаған адам» дейді Кадырбек Атамбаев.
Қырғызстан бас прокуратурасы биылғы 16 тамызда Алмазбек Атамбаевтың мүліктері, бағалы қағаздары, акциялары, банктегі есеп-шоттары, «Кыргызавтомаш», «Апрель-ТВ», «Медиа Форум» компанияларының мүліктеріне тыйым салынғанын хабарлаған.