$ 448.89  477.93  4.76

Мақта алқабында «ұйықтаған» екі сарбазды трактор басып, денелері мәйітханадан бір-ақ шықты

Ферғана облысынан әскерге шақырылған жас жігіттер сол жерде көз жұмған. Азаттықтың Өзбек қызметіне оқиға куәгерлерінен түскен ақпаратты Сырдария облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар растады. Басқарма өкілінің сөзінше, әскери қызметте жүрген екі сарбаз «оқыс қазаға» ұшыраған.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Өзбекстанның Сырдария облысында мақта теруге жіберілген екі сарбазды трактор басып, мерт қылған. Биліктің берген уәдесіне қарамастан, елде азаматтарды мақта алқабында жұмыс істеуге мәжбүрлеу тыйылмай отыр.

Өзбекстанның Сырдария облысы Баяут ауданына мақта теруге жіберілген екі сарбазды қазанның 13-і күні трактор таптап кеткен деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы). Ферғана облысынан әскерге шақырылған жас жігіттер сол жерде көз жұмған. Азаттықтың Өзбек қызметіне оқиға куәгерлерінен түскен ақпаратты Сырдария облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар растады. Басқарма өкілінің сөзінше, әскери қызметте жүрген екі сарбаз «оқыс қазаға ұшыраған».

«Қолымыздағы ақпарат бойынша, жасы 20-дан енді асқан, әскери киім киген екі сарбаз мақта арасындағы арықта ұйықтап жатқан. Мақта тиеген трактор оларды байқамай басып кеткен. Ешкім күтпеген оқыс жағдай болды, - деді ол Азаттықтың Өзбек қызметіне.

Сырдария облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімшесінің меңгерушісі мақта алқабында мерт болған екі сарбаз алдымен облыстық мәйітханаға, одан кейін туған жері - Ферғана облысына жеткізілгенін хабарлады.

«Кеше әскерилер келіп, марқұмдарды Ферғана алқабына алып кетті», – деді ол.

Басқарма өкілі қаза болған сарбаздардың аты-жөні туралы ақпаратты жариялауға хақы жоғын айтты.

Баяут ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері Олим Бемурадов Азаттықтың Өзбек қызметіне бұл оқиғадан хабары барын, сарбаздардың қауіпсіздігіне мақта штабында отыратын әскери дәрігер жауап беретінін айтты. Оның сөзінше, бұрын Баяут ауданында мақта терімі кезінде адам қазасы тіркелмеген.
 

Дереккөз: azattyq.org
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары