АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Анкарада өткен келіссөздері Сириядағы ұрысты 120 сағатқа тоқтатты, деп жазады Хабар24.
Пенстің айтуынша, АҚШ әскері күрдтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іске кірісіп те кеткен. Сонымен қатар 4 сағатқа созылған осы келіссөзде Түркия әскері шекарадағы Кобани қаласындағы қақтығысқа да қатыспайды деп шешілді. Бірақ Түркия тарапы күрд жасақтарына қойылған талап орындалмаса, әскери іс-қимыл жалғасатынын айтады.
Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:
- АҚШ пен Түркияның Сириядағы қарулы қақтығысты уақытша тоқтату туралы келіскеніне қуаныштымын. Осылайша көптеген жазықсыз жандардың өмірін сақтап қалдық деп ойлаймын. Бұл Ақ үй басшысы Дональд Трамптың ұсынысы. Аймақтан үкімет жасағы толық шыққан бетте «Бейбітшілік қайнары» операциясы да тоқтайды деп үміттенеміз. АҚШ тарапы да шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. Сонымен қатар «Ирак және Левант Лаңкестің ұйымымен» бірлесе күресуіміз керек.
Мевлют Чавушоглу, Түркия Сыртқы істер министрі:
- АҚШ тарапы шекарада қауіпсіз аймақ құру туралы мәселені толығымен қолдап отыр. Ол жерді біздің әскер өз бақылауына алатын болады. Содырлардың қару жарағын жоямыз. «Бейбітшілік қайнары» әскери операциясын 120 сағатқа ғана тоқтатып отырмыз. Күрд жасақтарына аймақтан өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отырмыз.
Түркияның қорғаныс министрлігі өз әскеріне бекініс позициясынан шықпай, ұрысты тоқтата тұруға бұйрық берді. Ал күрд жасақтары көп күттіртпей аймақты босатып жатыр.
Мевлют Чавушоглудың айтуынша, Анкара НАТО-дағы одақтасымен келісімде өз ұпайын жіберген емес. Яғни жоспарланған қауіпсіз аймақ кұру идеясы өз күшінде қалады. Ал Манбидж бен Кобани қаласындағы ахуалды Түркия тарапы Ресей тарапымен талқыламақ ниетте. Естеріңізге салайық, тақауда өңірдегі қырғынға Сирия әскері ғана емес, Ресей жасақтары араласа бастаған. Бұл мәселеге байланысты Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп Сочи қаласында кездесу жоспарлады.
Мевлют Чавушоглу, Түркия Сыртқы істер министрі:
- Кешеден бері Сирия мен Ресей әскері Кобани мен Манбидж қаласына кіріп жатыр. Бұл жайында Түркия басшысы Путинмен кездесіп, мәселені шешетін болады.
Таяуда Түркия жасағы Сирияның Тель-Абьяд қаласын күрдтер қоныстанған аумақпен жалғайтын жерасты жолдарын тапты. Мамандардың айтуынша,тунельдер адамдар тұрып жатқан үйлердің астымен өткен. Сол себепті оларды қирату әзірге мүмкін болмай тұрғанға ұқсайды.
Язн Абу Табет, әскери :
- Тель-Абьяд қаласын тұрғындардан босаттық. Шаһардың астында 50-60 бөлмесі бар жерасты тунелдерін таптық. Лаңкестер осы жол арқылы емін- еркін қатынап отырған. Оларды қирататын болсақ тұрғындар баспанасынан айырылайын деп тұр.
Аймақтағы қақтығыстардан бейбіт халық зардап шегіп жатыр. Арнайы көмек көрсету агенттігінің хабарлауынша, Хасеке қаласында ауыз су тапшы. БҰҰ балаларға көмек беру жөніндегі ЮНИСЕФ қорының мәлімдеуінше, 400 мың халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін станция істен шыққан. Шамаман 200 мың тұрғынның барар жері, басар тауы қалмаған. Ал үй-күйсіз босқындардың біразы Иракка қарай ағылып жатыр.