$ 498.34  519.72  4.85

АҚШ Қытайды ұйғыр белсенділерін қудаламауға шақырды

Шыңжаңда шамамен 1,5 миллион этникалық қазақ тұрады.

АҚШ Қытайдың батысында ұйғыр белсенділері мен олардың отбасының қысымға ұшырауы, бұған қоса  Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" қамауда болған бұрынғы тұтқындардың қысым көруі жайлы көптеген ақпаратқа алаңдап отыр. 5 қарашада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осылай деп мәлімдеді.

"Қытайдың коммунистік партиясының қуғын-сүргініне ұшыраған батыл азаматтар мен олардың жақындарына мемлекеттік департамент атынан көңіл айтамын. Олардың арасында Феркат Жавдут, Альфред Эркин және Замрут Даут бар. Жақында Даут ханым Қытай билігі бірнеше рет қамап, Шыңжаңда тергеген қартайған әкесінің белгісіз жағдайда көз жұмғанын естіді" деді Майк Помпео.

Мемлекеттік хатшының пікірінше, ұйғыр белсенділерінің батылдығының арқасында Қытайдағы адам құқығының бұзылуы, оның ішінде діни бостандықтың шектелу жағдайын әлем біліп отыр. Майк Помпео Қытайды ұйғырларды қудаламауға, заңсыз ұсталған барлық азаматты босатуға, ұйғыр отбасылардың еркін араласуына мүмкіндік беруге шақырды.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарды "саяси лагерьге" қамай бастағаны туралы хабар тараған. Өткен жылы БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "саяси тәрбие лагерьлерде" ұстап отырғанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген. Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді   "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Қазан айының соңында 23 мемлекет  (арасында АҚШ пен Еуропа елдері де бар) ортақ мәлімдеме жасап, Пекинді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарды қудалауды тоқтатуға шақырған.

Шыңжаңда шамамен 1,5 миллион этникалық қазақ тұрады. Олардың көбінің туысы Қазақстанда тұрады. Қазір Қазақстанда "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Шыңжанның екі қазағы қамауда отыр. Қазан айының басында Қытайдан қашып келгенін айтқан екі жігіт "Шыңжаңдағы қуғынға байланысты шекараны кесіп өтуге мәжбүр болдық" деген еді. Егер сот оларды кінәлі деп тапса, бір жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін және Қазақстан аумағынан шығарылуы мүмкін.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#АҚШ #Қытай