Иван - Ваня, Александр - Саша, Арсений - Сеня. Орыс халқының балаға ат қою дәстүрі ерекше. Бір есім адамның ересек кезінде басқаша, бала кезінде басқаша аталады.
Славян нәсілінен басқа халықтар, әсіресе Азия елдері тұрғындары орыс есімдерінің адамның жас шамасына және сөйлесушілердің өзара қарым-қатынасына қарай түрліше аталуы мүмкін екенін біле бермейді. “Митяның” немесе Диманың ересек Дмитрий екенін білмей жататындар бар. Төменде орыстың кең тараған есімдерінің бірқатарының қандай нұсқалары бар екені көрсетілді, қалай айтылатын есте сақтап жүріңіз:
Әйелдер есімі:
Александра – Саша, Саня, Аля, Ася, тағы басқа
Анастасия – Настя, Нюся, Туся, тағы басқа
Анна – Аня, Ана, Нюра, Анечка, тағы басқа
Валентина – Валя
Виктория – Вика, Вита, тағы басқа
Дарья – Даша, Дашуля, Даря, Дара
Елизавета – Лиза, Вета, Лиля, Элиза, Лиса
Екатерина – Катя, Катюша, Рина
Евгения – Женя
Ирина – Ира, Арюша
Любовь – Люба
Людмила – Люда, Люся, Мика
Маргарита – Рита, Марго, Маргоша
Мария – Маша, Мариша, Мара, Маруся
Ольга – Оля
Раиса – Рая
Светлана – Света
Татьяна – Таня
Ерлер есімі:
Александр – Саша, Шура, Ася
Алексей – Лёша
Арсений – Сеня
Владимир – Володя, Вова, тағы басқа
Валерий – Валера
Василий — Вася
Георгий – Гоша, Жора, тағы басқа
Григорий – Гриша, Гриня, тағы басқа
Дмитрий – Митя, Дима
Евгений – Женя
Иван – Ваня
Константин — Костя
Леонид – Лёня
Николай – Коля
Павел – Паша
Ростислав – Ростя, Слава
Сергей – Серёжа
Эдуард – Эдик, Эдя
Ярослав – Ярик, Слава
Есімінің қысқаша айтылуы көбіне адамның бала кезіне тән. Орыс халқы адам атын ол қартайғанша қысқартып немесе еркелетіп айтуы мүмкін. Тіл білімі мамандары мұны сөйлеушілердің бір-біріне деген құрметінен шыққан белгі деп тұжырымдайды.
Орыс халқында қысқартып, жақын тартып айту тұрақты түрде әдетке айналған. Қысқартып айту – сыйластықтың белгісі. Орыс тілінде кішірейту-еркелету жұрнақтары бар. Сол жұрнақтар арқылы кез келген сөзді жұмсақ айтады. Бізде кісі атын қысқартып айту жоқ. Тек Бәке, Сәке, Әбеке деп сый-құрметпен айту немесе кішірейту, еркелету мағынасында айтады. Мұндағы қысқартудың бір ерекшелігі – кісі аты қысқартылып қана қоймайды. Оған -ке, -еке, -аң, -а, -е, -ш, -тай сияқты белгілі морфемалар қосылады, – дейді филолог Гүлнәр Ескермесова.
Мұны қазақ тіліне де тән құбылыс деуге болады. Сәдуақас – Сәкен, Қанапия – Қанаш, Жәмила – Жәміш, Қожахмет – Қожаш деп қысқартып айтылады. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің шын есімі – Сәдуақас. Қазақтың атақты ғалымы Сәтбаев халыққа Қаныш атымен әйгілі. Ал оның толық аты Ғабдұл-Ғани көпшілікке таныс емес. Халыққа белгілі қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты көпшілік Димаш Ахметұлы деп атайтынын ешкім ұмыта қойған жоқ.
Дереккөз: baribar.kz