Өзбекстанның Хорезм облысы азаматтық істер жөніндегі соты мемлекеттік органдардың жұмысын жиі сынап, әлеуметтік желіде пост жазатын блогер Нафосат Оллашукурованы жүйке аурулары диспансерінен босату туралы адвокат өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Аталған емханаға мәжбүрлеп жатқызылған блогерді онда қанша уақыт ұстайтыны әзірге белгісіз деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы.
Сотта блогердің мүддесін қорғаған "Симай" адвокаттық бюросының заңгері Умид Давлатов Facebook әлеуметтік желісінде "Шабнам Оллашукурова" деген атпен блог жүргізген 32 жастағы Нафосат Оллашукурованың ісі Хорезм облыстық жүйке аурулары диспансерінде өткен көшпелі сот отырысында қаралғанын айтты.
"Сот қарашаның 27-сі күні диспансердің үш дәрігерінің қатысуымен өткен комиссияның қайта шығарған қорытындысына сүйеніп, Нафосатты емханада қалдыру туралы шешім шығарды. Комиссия қорытындысында Нафосат Оллашукурованың емін жалғастыру керегі жазылған", - деді адвокат.
Адвокат Давлатов Оллашукурованың облыстық соттың шешімімен келіспегенін, Өзбекстан Жоғарғы сотына шағым түсіретінін хабарлады.
Аурухана құжаттарында блогердің мінез-құлқынан "психикалық ауытқу, психикалық дертке шалдыққан адамға тән белгілер, паранойя синдромы" байқалатыны жазылған.
Оллошукурованың әкесі Болтабой Оллошукуров Азаттықтың Өзбек қызметіне ағылшын тілінен сабақ беретін қызының бұрын ешқашан психикалық дертке шалдықпағанын айтқан.
Нафосат Оллошукурова Facebook әлеуметтік желісіне елдегі әйелдер құқығы мен жергілікті биліктің жемқорлығы жайлы посттар жариялап келген. Блогердің парақшасына төрт мыңнан астам қолданушы жазылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы