136 раундтық қызу саудаластықтан кейін Пекиндегі 5.6 шаршы метр болатын ескі үй 1,28 млн қытай юаніне (бұл дегеніміз 70,2 млн теңге немесе 181 мың доллар) сатылып кетті, деп хабарлайды krisha.kz cайтына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үй кабина тәріздес екен. Сырты ванна бөлмелеріне арналған плиталармен қапталған. Мұнда ең үлкен дегенде екі орындық төсек сыюы мүмкін.
Тұрғын үйдің аумағы, тіпті, атақты гонконгтық нанопәтерлер (18,6 ш.м) мен 11,7 шаршы метр болатын автокөлік тұрағынан да кішкентай.
Баспананың жаңа иелері балаларын қаланың үздік мектептерінің бірінде оқытқысы келеді екен. Бұл үйді сатып алуға да осы негіз болған. Пекин ережелеріне сәйкес, бір ғана шаршы метр баспанаға иелік етудің өзі хукоуға, яғни үй қожалығын тіркеу құқығына ие болуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке, денсаулық сақтау саласына, сондай-ақ, қаладағы басқа да игіліктерге жол ашады.