$ 446.49  475.38  4.79

Иран бензинсіз жүретін көлік ойлап тапты

Қазір бұл көлік сынақтан өтіп жатыр, кейін оның жаппай өндірісін бастау жоспарда бар. Иран тұрғындары мұны асыға күтіп отыр.
Фото: muz1.tv
Фото: muz1.tv

Иран инженерлері таза энергиямен жұмыс істейтін автокөлік жасады. Оның түрі кәдімгі машинадан аумайды, бірақ бензин багының орнына электр қуаттандыру розеткасы және жел мен күннен қуат алатын  құрылғылар орнатылған,-деп хабарлайды 24.kz.

Қазір бұл көлік сынақтан өтіп жатыр, кейін оның жаппай өндірісін бастау жоспарда бар. Иран тұрғындары мұны асыға күтіп отыр. Тыныс алып жүрген ауамызды көзбен көруге болады. Осындай сөздерді Тегеран тұрғындарынан жиі естисің. Тау етегінде орналасуына және көліктердің тым көп болуына байланысты қаланы үнемі көк түтін басады. Осыған алаңдаған жергілікті ғалымдар экологиялық таза көлікті жасап шығарды. Оның кең қолданысқа шығуы бағасына байланысты болмақ. Алдын-ала есеп бойынша, осындай машинаның құны 8 мың доллардан аспайды. 

Мохаммад Мирараб, инженер-механик: - Иранда сумен жүретін автокөліктерді шығаратын конструкторлар бар. Қазір бұл машиналар сынақтан өтіп жатыр. Иран өкіметі инженерлердің мұндай бастамаларын қолдап  отыр, өйткені бұл болашақ дәуірдің техникасы. Су мен электр қуатының бағасы бензиннен төмен, сондықтан осындай көліктердің жаппай өндірісі көптеген елдердің экономикасын нығайтады. 

Иранның тұңғыш энергетикалық көлігіне «Q» деген атау берілді. Әзірше ол сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Инженерлер бұл көрсеткішті 110 шақырымға дейін өсіретініне сенімді. Бұл жобаны Иранның энергетика министрлігі де қолдап отыр. 

Парвиз Дадхах, инженер-конструктор: - Экологиялық таза машиналардың өндірісін қолға алу туралы Иранда бұрыннан айтылып келеді. Соңғы жылдары көптеген мамандар бұл мәселені зерттеді. Күнбағыс майы, соя, бидай немесе тезекпен істейтін бірлі-жарым модельдер бар. Бірақ бұл кімге қажет болады деген сауал бар. Сапасы жақсы болып, экспорттық мүмкіндіктері болса ғана табысқа жетеді. Қазір кейбір компаниялар еуразиялық аймақпен келіссөздер жүргізіп келеді. Егер бұл машинаға қызуғышылық танытса, бұл оның конвейерге шығуын тездетер еді. 

Жаңа көлік түрінің кең қолданысқа шығу-шықпауы келесі жылдың наурыз айында белгілі болады. Бұл мерзімге дейін ол техникалық сынақтан және күре жолдар мен қала көшелерінде бірнеше тест-драйвтан өтуі тиіс.  

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары