«Украин Халықаралық әуежолы» әуекомпаниясының Boeing 737-800 ұшағын Тегеранда Иранның зенит-зымыран кешені атып құлатқан. Бұл нұсқаны Newsweek газетіне Пентагон өкілі, АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды қызметкері әрі Ирак арнайы қызметінің мүшесі айтты, деп хабарлайды РИА Новости.
Пентагонның пайымынша, украиналық лайнер «қателіктен» атып түсірілген. CBS News басылымы болса, өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, америкалық жерсеріктердің «жер-әуе» типіндегі екі зымыранның инфрақызыл «жарқылын» тіркегенін хабарлады.
Ал АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл мәселеге пікір білдіруден бас тартқан.
Кейін АҚШ президенті Дональд Трамп та украиналық ұшақ апатының себебі техникалық ақау дегенге күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. CBS News-тің хабарлауынша, Трамп: «Бұл тұрғыда күмәнім бар», - деп отыр. Оның айтуынша, бұл қайғылы оқиға «арғы беттегі әлдекімнің қателесуінен болуы мүмкін».
Еске сала кетсек, Киевке бағыт алған Boeing 737-800 ұшағы таңғы уақытта Тегерандағы әуежайдан ұшып шыққан бетте апатқа ұшыраған-ды. Ресми мәлімет бойынша, соның салдарынан Иран, Украина, Канада, Германия, Швеция, Ауғанстан елдерінің 176 азаматы қаза тапқан.
Ерік ЕЛЕУСІЗ