11.01.2020, 00:24

Үйі өртеніп кеткен азамат аяқ астынан миллионер атанды

Олжаны қанжығасына байлаған азамат Квинсленд штатының тұрғыны болып шықты.

Австралияда үйі өртеніп кеткен азамат лотореяның жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды Nine News-ке сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Олжаны қанжығасына байлаған азамат Квинсленд штатының тұрғыны болып шықты. Оның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы үйі өткен жылы өртеніп кеткен екен. 

Осы жылдың қаңтар айында ер адам әйелінің сүйікті сандарын онлайн-лотереяда белгілеп, бағын сынап көрмекші болады. Нәтижесінде ол 1 миллион Австралия долларын (шамамен 259 миллион теңге) ұтып алды.

"Таңғаларлық жағдай. Өртеніп кеткен үйіміз сақтандырылмаған болатын. Дер кезінде қомақты қаражаттың иесі атандық. Қызыл жалынға оранған үйімізден тек жанған бірнеше ыдыс-аяқ қалды", - дейді ол.

Австралиялық азамат ұтып алған ақшасына үй салуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде басталған орман өртінен 24 адам қаза тауып, екі мыңға жуық үй жанып кетті. Шамамен 500 миллион жануар өлді. Тілсіз жау әлі ауыздықталған жоқ.

Ғарыштан түсірілген суреттен Австралия құрлығының басым бөлігі өртке оранғанын көруге болады.