Ағылшындардың Богнор Реджис қаласының тұрғынын анасы мен қызы аямай ұрып-соққан. Олардың мұндай өрескел әрекет жасауына таяқ жеген әйелдің сыртқы келбетінің мінсіздігі себеп болған көрінеді. Яғни, анасы мен қызы оның әдемі киімі мен келбетін көре алмай, қызғаныштан ұрған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Daily Mail-ға сілтеме жасап.
2018 жылдың қаңтарында 44 жастағы үш баланың анасы Лиза Холл 23 жасар қызы Холлимен бірге сыраханада демалады. Содан кейін қызының бейтаныс құрбысының ұсынысымен түнгі клубқа баруға бел буған.
Олар сыраханадан алты адаммен шығып, түнгі клубқа қарай бет алады. Холли топтың алдында жүріп бара жатса, Лиза оның ізінен еріп, қатар құрбысымен сөйлесіп келе жатады. Кенеттен, алдағы қыздардың бірі кері бұрылып, Лизаға өшпенділікпен қарап, оны "лас жезөкше" деп атап, ұрып-соға бастайды. Бұл шабуылға Лиза сөйлескен қыздың анасы да қосылып кетеді. Олар британдық әйелді жерге жығып, есінен танғанша аяусыз ұрып, соққының астына алады.
Соққы салдарынан Лиза өкше сынуы және басқа да жарақаттар алып, ауруханаға жатқызылады. Тіпті, аяғын қалпына келтіру үшін 6 сағат операция жасатты. Алған моральдық, физикалық жарақаттары үшін ол әлі күнге дейін қиналып жүр.
Бейнебақылау камерасының көмегімен полицейлер оған тап берген адамдарды анықтады. Қылмыс жасағандар 22 жастағы Зоуи Ли мен 47 жастағы оның анасы екені белгілі болды. Сотқа шақырған кезде британдық әйелдер қылмысқа қатысы барын мойындамай, жалтаруға тырысты. Дегенмен, сот оларды кінәлі деп тауып, 5 жылға түрмеге тоғытты.
Айтпақшы,олар неліктен әйелге тап бергенін мойындамай қойған. Зәбірленуші болса, анасы мен қызының тарпа бас салғандарының себебін айтты. Ол "Менің сыртқы келбетімнің сұлулығы мен әдемі киінгендігімді көре алмай, қызғаныштан ұрды", - дейді зәбірленуші әйел.