$ 494.87  520.65  4.91

«Головкин мен Димаштың жанкүйерлері бізден тамақтанады» - Нью-Йоркте мейрамхана ашқан қазақ қызы

«Жуырда Нью-Йоркте екінші мейрамхана ашқалы жатырмыз. Себебі, біздің тұрақты тұтынушыларымыздың саны күн санап артуда, сондықтан екінші орынды ашқымыз келеді».

Қарағандылық Фарида Ғаббасова алғаш рет 2011 жылы АҚШ-қа арман қуып барып, күні бүгінге дейін сонда тұрып жатыр. Шет тілін терең меңгеру мақсатында мұхит асып барған жерлесіміз қазір АҚШ-та өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Миллиондаған адамдардың бір көру арманына айналған әлемдік мегополис Нью-Йоркте өз ісін ашқан отандасымыз ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген.

«Мен Қарағанды қаласының тумасымын. Сонда туып-өсіп, ағылшын тілі мамандығын игерген соң, тіл меңгеруді жетілдіру мақсатында 2011 жылы Нью-Йоркке келдім. Қала маған бірден ұнады, содан қаламын деп шештім. АҚШ-тағы оқуымды бітіріп, Қазақстанға келген соң, көп ұзамай, Америкаға арман қуып қайта келдім. Ол кезде мен мұнда ешкімді білмедім, ешқандай таныс-туысым болмады. Келе сала жұмыс іздеуге кірістім.

Осында сырттан келгендердің көбісі «ең бастысы, жұмысқа тұрсам болды, кім болып істегенім маңызды емес» дейді. Яғни, бала күтуші, үй қызметшісі, ыдыс жуушы және тағы басқа жұмыстар. Мен өзіме бірден кеңседе жұмыс істейтін боламын деп мақсат қойдым, көп ұзамай жылжымайтын мүлік компаниясына хатшы болып жұмысқа орналастым», - дейді Фарида Ғаббасова.

Сондай-ақ, жерлесіміз Нью-Йоркте кездестірген жігітіне тұрмысқа шыққан.

«Жолдасым – италиялық. Таныстықтан кейін көп ұзамай жарты жылдың ішінде отау құрдық. Жұмыс істеп жүріп, бала күнгі арманымды орындау мақсатында сән және дизайн университетіне оқуға түстім. Осы саланы тереңірек тану үшін сән үйі директорының көмекшісі (ассистент) болып жұмысқа тұрдым. Сол кезден бастап күні бүгінге дейін сол жерде жұмыс істеймін. Қазіргі күні бүкіләлемдік танымал желі «Orient Craft LTD» компаниясының АҚШ-тағы өкілдігінің жетекшісімін. Біз H&M, ZARA және тағы басқа танымал бренд киімдердің дизайнын жасаймыз.

Компанияда жұмыс істеп жүріп, маған өз мейрамханамды ашу идеясы келді. 2015 жылы Манхэттеннен ғимарат сатып алып, өз мейраханамды аштым, бұл іске інім де көмектесті. Басында біз тек америкалық ас мәзірін ұсынуды жөн санадық, ол үшін арнайы бас аспаз жалдадық. Біздің жалдаған бас аспаз кезінде белгілі актер Роберт Де Нироға жұмыс істеген болып шықты. Дегенмен, уақыт өте келе ол ойдан бас тарттық. Себебі, америкалықтарды өз асханасымен таң қалдыра алмайсың, оның үстіне мұнда бәсекелестік жоғары», - дейді ол.

Уақыт өте келе отандасымыз мейрамханаға келген меймандарға палау, мәнті, самса тағамдарын ұсына бастаған.

«Бір қызығы, америкалық ас мәзірінен гөрі, біздің ортаазиялық тағамдарға деген сұраныс арта бастады. Соны байқаған біз, мейрамхананы уақытша жөндеуге жауып, 2018 жылы таза шығыс асханасы етіп, атауын «Farida» Central Asian Cuisine and Grill деп өзгертіп қайта аштық. Шығыс асханасына көшкен соң, біз шығыс тағамдарын әзірлей алатын аспаздарды іздедік, қазіргі күні біздің аспаздардың барлығы Орталық Азия елдерінің өкілдері.

Ас мәзіріне келсек, әрине, еттен бастап, бауырсақ, сүтті шәй бәрі бар. Ұлттық тағамымызды қолға алған сәттен бастап, бізге келушілердің де саны арта бастады. Бүгінде біздің мейрамханадан жұрт кезекке тұрып түскі немесе кешкі ас ішеді», - деді Ф. Ғаббасова.

Оның айтуынша, қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татқан шетелдіктер Қазақстанға қызығушылық танытып, турист ретінде барғысы келеді екен.

«Қазақстанға барып келген америкалықтар «елдеріңізде болдық, тағамдары өте дәмді» деп ықыласын білдіріп, бізден тамақтанып тұрады. Ал елімізде болып көрмеген, бірақ, біздің ұлттық тағамның дәмін татып көрген америкалықтар Қазақстанды көруді армандайды. Одан бөлек, атақты жерлестеріміз Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бізге келіп тамақтанады.

Димаштың Нью-Йорктегі концертінен соң қызық оқиға болды. Оның осындағы жанкүйерлері біздің мейрамханаға арнайы келіп, Димаштың және жалпы қазақ халқының қандай тағам жейтінін сұрап, өздері де сол асқа тапсырыс берді. Тіпті, олар үшін теледидардан арнайы Димаштың концертін қосып қойдық», - дейді АҚШ-тағы жерлесіміз.

Жерлесіміздің сөзіне сенсек, қазақтың ұлттық тағамын ұсынатын Манхэттен (Нью-Йорк) төріндегі мейрамхана қаладағы үздік ТОП-20 мейрамхана қатарына кіреді.

«Жуырда үлкен тапсырыс алдық. Нақты айтқанда, осы ақпан айында Лос-Анджелестен америкалық студенттер тобы келеді. Белгілі болғандай, студенттер Орталық Азия халықтарының төл мәдениетін зерттеуде. Оның ішінде Қазақстан да бар. Студенттер біздің мейрамхана туралы біліп, қазақтың ұлттық мәдениетімен қатар, асханасымен танысу мақсатында келе жатыр», - дейді ол.

Сонымен қатар, Ф. Ғаббасова өзге елде өз ісін ашқысы келетін жандар үшін кеңесін айтып, болашаққа жоспарымен бөлісті.

«Біздің алға қойған мақсат-жоспарымыз көп. Атап айтсақ, жуырда Нью-Йоркте екінші мейрамхана ашқалы жатырмыз. Себебі, біздің тұрақты тұтынушыларымыздың саны күн санап артуда, сондықтан екінші орынды ашқымыз келеді. Одан бөлек, АҚШ бойынша франшиза ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсат – ел нарығын түгел қамту. Ал шет елде өз кәсібін дөңгелеткісі келетін азаматтарға айтарым, сіз ұсынатын өнім немесе тауар ерекше болуы қажет. Себебі, сіз қазір нарықта бар дүниені ұсынсаңыз, оған ешкім қызықпайды. Сонымен қатар, ерекше ісіңіздің үздігі болуыңыз керек», - деп атап өтті ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары