Өзбекстан билігі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан отандастарына өз елінің жоғары оқу орындарына ауысуды ұсынды, деп хабарлады Sputnik Өзбекстан тілшісіне елдің жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін өзбек студенттерінде мұндай мүмкіндік болмаған. Билік өз еркімен ауысу бағдарламасын іске қосу туралы шешім қабылдады. Оған Президенттің халықтық қабылдауында болған көптеген ата-ананың балаларына ақша жіберудің қиын екенін айтып шағымдануы себеп болды.
Сондай-ақ, тұрғындар көрші елдердің жоғары оқу орындарындағы білім сапасына көңілі толмайтынын жеткізген.
Министрлік атап өткендей, өзбекстандықтарға оқуын отанында жалғастыруға ғана мүмкіндік беріледі, қалған мәселелерді өздері шешуі керек.
Сонымен бірге, Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан оралғысы келетін студенттер осы елдердегі дипломатиялық және консулдық мекемелердің жауапты қызметкерлерімен байланыса алатындығын хабарлады.