Өзбекстанда коронавирусқа байланысты бірнеше аурухана мен карантиндік аймақтар салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алғашқысын 5 күннің ішінде тапсыру жоспарланып отыр. Қазір көрші мемлекетте қауіпті вирусты 65 адам жұқтырғанын айта кету керек. Оның төртеуі ауыр халде жатыр.
Коронавирусқа байланысты ауруханалар Ташкент, Әндіжан, Навои, Сұрхандария облыстарында бой көтереді. Құрылыс барысында қытайлықтардың тәжірибесі пайдаланылмақ. Бірақ, шығыстағы көрші мұндай медициналық мекемелерді 10 күнде салса, өзбектер алғашқы госпитальді 5 күннің ішінде аяқтауға дәмелі.
Мұнда қауіпті індетті жұқтырғандар ғана жатпайды. Денсаулық ошақтары карантинге жатқызылатын азаматтар үшін де шақталған. Алайда, қос корпустың арақашықтығы әжептәуір алшақ. Олар екі бөлек ауданда орналасқан. Карантиндік аймақ пен аурухананың әрқайсысы бір мезгілде 10 мың науқасты қабылдай алады.
Ол жерде әр адамға жеке контейнерлер тұрғызылады. Ішінде ем қабылдайтын бөлмесі бар. Теледидар мен кондиционерді де ұмытпаған.
«Карантиндік аймақты біз бес күнде тапсырамыз. Бұл жерде арнайы контейнерлер орнатылады. Олар Өзбекстанда жасалған дайын контейнерлер. Енді бұларды осы жерге әкеліп қою ғана қалды. Бөлмелердің ішінде душ, кондиционер, теледидар бар. Сайып келгенде, адамға қажетті барлық жағдай жасалған. Ал медициналық қызметкерлер үшін бөлек корпус әзірленіп жатыр», - дейді Өзбекстан құрылыс министрлігі МСҚБ инспекциясының маманы Жамшид Уташев.
Ал Ташкентте коронавируспен күресу үшін 3 заманауи мамандандырылған медициналық мекеме тұрғызылады. Солардың бірі қазір салынып жатыр. Бас шаһардағы ауруханалар 500 орынға шақталған. Бүгінде Өзбекстанда 20 мыңнан астам адам карантинде жатыр.