22 мамырда Пәкістанда болған ұшақ апатынан 97 адам қаза болды. Жұма күні "Пәкістан халықаралық әуе желісінің" ұшағы елдің оңтүстігіндегі Карачи қаласында тұрғын үйлердің біріне құлаған, деп жазады Азаттық радиосы.
Жергілікті шенеуніктер апат орнында 97 мәйіттің табылғанын хабарлады.
Бортында 91 жолаушы және 8 экипаж мүшесі болған Airbus А320 ұшағы Лахор қаласынан Карачиге ұшқан. Билік мәлімдемесінде екі адамның тірі қалғаны жазылған. Қаза болған 17 адамның аты-жөні анықталған.
Тірі қалғандардың бірі Мухаммад Зубаирдың Geo TV арнасына айтуынша, ұшақтың дөңгелегі жерге тиіп, қайта ұшқан, шамамен он минуттан соң ұшқыш қайта қонуға әрекет жасайтынын хабарлаған. Бұдан соң ұшу-қону жолағына жақындаған кезде ұшақ құлаған.
Тағы оқи отырыңыз: Пәкістанда ұшақ құлады (ВИДЕО)
Пәкістанның ішкі істер министрі Иджаз Ахмад Шах ұшақта ақау болғанын мәлімдеді, апатқа дейін ұшқыш қозғалтқыштың істен шыққанын хабарлап, сигнал жіберген.