АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Ресей Таяу Шығыстан кетуі керек, себебі, бұл аймақтың тарихында америкалықтар басты тірегі болған деген пікірде. Вашингтонның пікірі бойынша, Мәскеу Ирак, Сирия және Ливияны қалпына келтіруге кедергі келтіреді, деп жазады Sputniknews.kz, РИА Новостиге сілтеме жасап.
«Орыстарды Таяу Шығыстан алыс ұстау – америкалық саясаттың маңызды бөлігі. Біз осы қағиданы соңғы 45 жыл ұстанып келеміз. Қазір Ресей аймақта деструктивті рөл атқарады. Олар Таяу Шығыстан кетуі керек деп ашық мәлімдейміз», - деді АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дэвид Шенкер, Вашингтондағы Таяу Шығыс институтында өткен бейнеконференция барысында.
АҚШ-тың аймақтағы тарихи маңыздылығы туралы пайымдай отырып, ол америкалықтардың қолдауына сүйенген елдерді атады. Ол Сауд Арабиясын, БАӘ, Ирак, Израиль мен Палестинаны еске алды.
Шенкердің айтуынша, Вашингтон араб-израильдік татуластықтың қамын жеп отыр. Ақ үй жақын арада тараптар «ғасыр мәмілесіне» барады деп есептейді. Шенкер Израиль мен Парсы шығанағының кейбір монархиялары Америка бастамасын қолдағанын еске салды.
Шенкер Ирак, Иран мен Катар, Сауд Арабиясына коронавируспен күресте көрсетілген көмек жайлы да айтып өтті. Бірақ, америкалықтарға Таяу Шығыста Ресей мен Қытай кедергі келтіреді.
«Ұлы державалардың бәсекелестігі аймақ елдерін таңдау жасауға итермелейді. АҚШ кім-кімді де оған қатысуға мәжбүрлемейді», - деді Шенкер.
Мемлекеттік департамент негізгі күш-жігерін Таяу Шығыстағы одақтастарына Мәскеу және Бейжіңмен ынтымақтастықтың соңы неге әкелерін түсіндіруге бағыттамақ.
Шенеунік америкалықтардың көмегімен Ирактың қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, Вашингтон Ирактың жаңа премьер-министрі Мұстафа әл-Каземимен тез тіл табысты және жобалар бойынша өзара қарым-қатынас дамып келеді.
Сирияға келер болсақ, мемлекеттік департамент өкілінің айтуынша, америкалықтар жауапкершіліктен қашпайды және қолдау көрсетуге дайын. Алайда, оған елде билікті ұстап тұрған Башар Асад, сондай-ақ, Ресей кедергі келтіреді.
Шенеунік Мәскеудің Таяу Шығыстағы позициясын нығайтуына Барак Обаманы кінәлады.
«Ол Сирияға орыстардың келуін құптады. Бұл оларды батпаққа батырады деп ойлады. Алайда, Ресей соғыстың барысын өзгертті, енді Асад әлі күнге дейін сол жерде отыр. Бұл бұрынғы әкімшіліктің өрескел қателігі болды», - деп атап өтті Шенкер.
«Ресей 2015 жылы Сирияға кіргенде, америкалықтар шынымен ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Орыстардың қолынан не келетінін көргісі келді. Алайда, сол батпақтан шыға алмайтынына сенімді болды», - дейді Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің таяу шығыс жобалары бойынша үйлестірушісі Руслан Мамедов Риа Новости тілшісіне. – Алайда, бұл бағытта Мәскеу айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Асад әлі күнге дейін билік басында отыр, ал Вашингтон бұлай болады деп ойлаған жоқ. Ресей Сирияда негізгі саяси институттарды сақтап қалуды көздеді және солай жасады».
Бұл елдегі жағдай қазір америкалықтардың назарында және Шенкердің Ресейге қатысты айтқан сөзі Сириядағы жағдаймен тығыз байланысты, деп толықтырды Мамедов.
«АҚШ Конгресі «Сирия халқын қорғау туралы» заңды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл құжат Дамаскқа қарсы экономикалық санкцияларды білдіреді. Ешбір компания, оның ішінде ресейліктер де Сирия экономикасына инвестиция салғысы келмейді», - деп нақтылады сарапшы.
Мәскеу мәселенің күрделі екенін біледі және әрі қарай қалай әрекет ету керек екенін ойластыруда.
Ливияда Муамар Каддафи режимі құлатылғаннан кейін Ресей елдегі қалыпты өмірді қалпына келтіруге ұмтылған аз ғана елдердің бірі болды, дейді ливиялық саясаттанушы Мұстафа Фетоури, РИА Новостиге. Ол Мәскеудің «деструктивті рөлі» туралы мемлекеттік департаменттің мәлімдемесімен келіспейді.
«Джамахирияда қирау болған кезде Ресей Сириямен айналысып жатты. Бірақ, ливиялықтар Мәскеу ерте ме, кеш пе қайтатынын және қандай да бір тәртіп орнатуға тырысатынын білді. Процесс созылып кетті. Бұл тек сыртқы ойыншылардың ықпалына ғана емес, ішкі процестермен де байланысты. Қазір Ресей Түркиямен, ЕО және БҰҰ-мен бірге келіссөздер үстеліне Фаиз Сараджа үкіметі мен генерал Халифа Хафтараны отырғызуға тырысады. Бұл оңай міндет емес», - деп түсіндірді Фетоури.
Ливиялық саясаттанушы Ресей қақтығыстың барлық тарапымен өзара іс-қимыл жасайтынын, сондықтан бейтарап төреші ретінде әрекет ете алатынын айтты.
«АҚШ-тың Солтүстік Африкада айқын стратегиясы жоқ. Бірақ, америкалықтар аймақтағы одақтастарды қақтығысқа жиі итермелейді. Анкара және Мәскеу бұл сценарийді түсінеді және оған жол бермейді», - дейді Фетоури.