Атақты теңізші Жак-Ив Кустоның ұлы Жан-Мишель Кусто Қазақстанның дельфинарийлерді жабу туралы бастамасын қолдап, видеоүндеу жазды, деп хабарлайды Sputnik.
«Мұхиттар болашағы» қоғамын басқаратын француз зерттеушісі бұл бастаманы толық қолдайтынын атап өтіп, республика халқы мен үкіметіне алғыс айтты.
«Ғылыми зерттеулер қамаудағы дельфиндер мен киттердің күйзелістен зардап шегетінін растап отыр. Олар жабайы туыстастарына қарағанда аз өмір сүреді. Ал халықтың дельфинарийлердегі іс-әрекеті жабайы табиғаттағы бұл ғажайып жануарлар үшін қалыпты нәрсе емес», - деді Жан-Мишель Кусто.
Оның пайымдауынша, мұхиттардың болашағын қорғау үшін киттәрізділерді қамауда ұстауға тыйым салу бастамасы өте маңызды.
«Біз осы жануарларды қорғауға деген ниетті құптаймыз. Мен қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынмын», - деп толықтырды Кусто.
Қазақстандағы жануарлар құқығын қорғаушылар мемлекет басшысына, сондай-ақ, Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне дельфинарийлерді жабу туралы өтініш жасады. Қазір министрлік бұл мәселені қарастырып жатыр.
«Дельфин қорғаушыларының алаңдаушылығын түсіне отырып, Экология министрлігі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы аясында дельфинарийлерді жабу туралы мәселені қарауға дайын», - деді тамызда ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Ол дельфинарийлерді жабу мәселесі бір күнде шешілмейтінін, оған белгілі бір уақыт қажет екенін баса айтты. Қажетті шешім қабылдау үшін сарапшылар тартылып, халықаралық тәжірибе зерделенеді.