$ 494.87  520.65  4.91

Түркіменстанда шенеуніктерге шашын алдырып, тақия киіп жүру міндеттелді

Тақиясыз көзге түскен шенеуніктер мен мектеп директорлары жұмыстан шығарылатыны ескертілген.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Түркіменстанның Лебап уәләятындағы мемлекеттік және жекеменшік мекеме басшыларына президент әкесінің қазасына қырық күн толғанша шашын тықырлап, түркімен тақиясын киіп жүру міндеттелді. Президент Гурбангулы Бердімұхамедов жұрт алдына тақиямен шыққан соң шенеуніктерге де сондай талап қойылған, деп жазады Азаттық.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Лебаптағы жаңа ережеге шенеуніктер ғана емес, жекеменшік фирмалардың басшылары да бағынуы керек. Тақиясыз көзге түскен шенеуніктер мен мектеп директорлары жұмыстан шығарылатыны ескертілген.

Түркіменстан президентінің әкесі Мәликгулы Бердімұхамедов 18 сәуірде 88 жасында дүниеден өткен.

Әкесінің қазасынан соң Бердімұхамедов бір апта бойы жұрт алдына да, телеарналарға да шықпады.

Түркімен шабандозы мен алабайы мерекесіне орай өткен салтанатты шараны президенттің үкіметте вице-премьер қызметін атқаратын ұлы Сердар Бердімұхамедов басқарып, сыйлықтарды өзі қабылдаған.

Президенттің әкесі қайтыс болғалы Сердар Бердімұхамедов те, үкіметтің басқа мүшелері де жұрт алдына тақиямен шығып жүр.

Азаттықтың хабарлауынша, Лебап аймағында бюджет мекемелерінде, соның ішінде мектепте жұмыс істейтін әйелдер президент әкесінің қазасына байланысты қара өрнегі бар орамал тағады.

Бұған қоса, әкесін жерлегелі Гурбангулы Бердімұхамедов барлық шараға тек қара көлікпен келіп жүр. Президенттің өзі кезінде бүкіл елде қара түсті көлікке тыйым салған болатын.

Түркімендерде қара түс қайғының белгісі саналады, кісісі өлген әйелдер қара өрнегі бар орамал тағады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары