21 қарашада НАТО-ның парламенттік ассамблеясы бірауыздан резолюция қабылдап, альянстың барлық мүшесін "Ресейдегі қазіргі режимді террор режим деп нақты мәлімдеуге" шақырды.
Құжатта Ресей агрессиясы бойынша арнаулы халықаралық трибунал құру қажет екені сөз болған.
"Ресей билігі азаматтық нысандар мен инфрақұрылымдарды атқылап, асқан жабайылық көрсетті, нағыз террористер секілді әрекет етті. Оларды халықаралық трибуналмен террорист ретінде соттау қажет", – деп мәлімдеді НАТО парламентік ассамблеясының жаңадан сайланған төрайымы Жоэль Гарьо-Майлям.
Бұған дейін Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) мен Эстония, Литва, Латвия, Польша мен Чехия парламенттері осыған ұқсас резолюция қабылдаған.
Украина әлем елдерінен Ресейді террор мемлекет деп тануды сұрап келеді. Қазан айында АҚШ президентінің әкімшілігі әзірге Ресейді террор демеушісі деп тануға дайын еместігін, олай танитын болса аса маңызды мәселелер бойынша Ресеймен сөйлесу мүмкіндігі толығымен тоқтап қалатынын мәлімдеген. Франция президенті Эммануэль Макрон да қарсылық білдірген.