02.12.2022, 16:40

АҚШ Конгресіне «Вагнерді» террористік ұйым деп тану туралы заң жобасы түсті

Құжат АҚШ "Вагнер" жеке әскери тобы мен оған қатысы бар кез келген топты шетелдегі террористік ұйым деп тануға міндеттейді.

ҚШ Конгресіне ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобын шетелдік террористік ұйым деп тану туралы заң жобасы түсті, деп жазады Азаттық.

"Ресейлік жалдамалыларды жауапқа тарту туралы" заң жобасын республикашыл Роджер Уикер мен демократ Бен Кардин таныстырды.

Құжат АҚШ мемлекеттік хатшысын "Вагнер" жеке әскери тобы мен оған қатысы бар кез келген топты шетелдегі террористік ұйым деп тануға міндеттейді.

Бен Кардин ресейлік "Вагнерді" "көлеңкелі армия" деп атап, АҚШ билігі оны жауапқа тартуы тиіс деп мәлімдеді.

"Вагнер" тобының Украина, Сирия және Африка құрлығындағы сансыз қатігез адам өлтіру оқиғаларына қатысы бар. АҚШ оны дереу шетелдегі террористік ұйымы деп тануы тиіс. Бұл Ресей қарулы күштерінің қатарын азайтып, адам құқығын бұзушыларды жауапқа тартуға көмектеседі" деді Кардин.

Осыған ұқсас бастама АҚШ өкілдер палатасының қарауына да түседі деп жоспарланып отыр. Заң жобасын демократтар Стивен Коэн мен Марк Визи республикашылдар Джо Уилсон және Ричард Хадсонмен бірге әзірлеген.

Бұған дейін Еуропарламент депутаттары Еуропарламент басшылығына қайырылып, "Вагнерді" шетелдегі террористік ұйымдар тізіміне қосу мәселесін қарастыруды сұраған. Бұл жөнінде Politico жазды. Хат авторлары "жыл басында Еуроодақ "Вагнер" жетекшілерін санкция тізіміне енгізгенмен бұл жеткіліксіз, ЕО оларға қатаң шара қолдануы тиіс" деп санайды.

"Вагнер" жеке әскери тобы – қағаз жүзінде Ресей әскери ведомствосына қарамайтын, заңды тұлғалар реестрінде жоқ бейресми қарулы топ. Бірақ оның мүшелері Украина және өзге елдердегі соғысқа қатысқан. Ұйым жалдамалылары көптеген әскери қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Биыл көктемде Ресей армиясы Украина территориясында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын биыл қыркүйекте ғана мойындаған.