$ 444.22  476.38  4.82

ҚАРИЯСЫЗ ҚАЗАҚТАР...

Мынадай тақырыптан кейін біразыңыздың «иттің лебізі қандай жаман еді...» дейтіндеріңізді ішіміз сезіп-ақ отыр. Бірақ, айтпасқа амал да қалмай барады.

Бүгінде шалдардың көп болғанымен, ақсақалдардың жоқ екендігін «қазаққа болса» дейтін азаматтардың бәрі тегіс айтып шықты. Кім бірінші айтты, кім ең соңында айтты, мәселе онда емес, мәселе қазақтардың расында да қариясыз қалғандығында. Маған келіспегендеріңіз «оттапсың, қазақтың бүгінгі қариясы Пәленше емес пе?!» деп дәлелдеп жатсаңыздар, өз сөзіміз өзіміздікі, райымыздан табанда қайтамыз. Қайтып қана қоймаймыз, басымыз жерге жеткенше иіліп тұрып кешірім сұраймыз. Тек, бір нәрсеге келісіп алайық, ақсақал дегенде жергілікті әкімдердің ықпалымен «тағайындалған» ауыл-ауылдардағы Ардагерлер кеңестерінің төрағаларын мысалға келтірудің қажеті жоқ.

Біздіңше, қазақтың қариясыз қалуы бүгін ғана пайда бола салған нәубат емес. Қазақ қариясыз қалуы үшін ұлттың жаулары ғасырлар бойы тынбай жұмыс істеді. Олар сандаған ғасырлық еңбектерінің нәтижелерін енді-енді көріп отыр.

Иә, қазақта қария қалмағанын аузымыздың дуасы бары да, дуасы жоғы да шетімізден жамырап айтып жатырмыз. Алайда оны айтудан бұрын бүгін жасы жетпістен асып, сексенге жақындаған қарт кісілердің кешегісіне бір үңіліп көріңізші, жауабын табасыз да қоясыз.

...Қай күні, қай күні болғанда да оразаның соңғы күндерінің бірінде курстасым ағайын-туыс, көрші-қолаңға ауызашар берді. Әлгі досым көршілерінің ішінде облыс орталығындағы дөй ауруханада бас дәрігер болып қызмет атқаратын бір көршісін жақтырмайды-ақ. Жақтырмайтынындай да бар, әлгі бас дәрігер бір әріптесінің айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, әйелін тартып алып қойған. Онысын және біраз жұрт біледі. Абыройынан гөрі ақшасы мол. Бәлкім, ол жігіт «неге абыройсызбын, жергілікті Мәслихатқа депутат емеспін бе?!» дер. Бірақ қазір кім депутат болмай жатыр, ақшасы бардың бәрі депутат. Әр аймақтағы депкорпустардың құрамына жіті назар аударған адам олардың арасында бір кездері жындыхананың пациенті болған жандарды да тауып алуы әбден мүмкін. Қазақстанда бұл күндері таң қалмайтын нәрсе бар ма?!

Қойшы, досым әлгі көршісін ауызашарға шақырмай қоюдың ретін таба алмайды. Алайда, кешкісін ауызашарға көршінің жетпістің жуан ортасындағы әкесі келіпті. Несін айтасың, қутыңдап-ақ тұр дейді. Ауызашар дастарқанында имандылықтан басқа қандай әңгіме болуы мүмкін?! Өкінішке қарай, әлгі «қария» молдаға да, басқаға да сөз бермепті. Сонда не айтқан дейсіздер ме? Бастан аяқ секс! Әкенің түрі әлгіндегідей болса, бала әрине, біреудің қатынын тартып алады. Мәселе онда да емес, мәселе «абыройлы» дәрігердің әкесінің көптеген жиындарға қария болып шақырылатындығында.

Ақыр бастан қан шықты, енді білгенімізді, көргенімізді бүгіп қалмайық. Біздің ауылдың молдасы жасы сексенге таянған кісі. Бірақ, Құдайдың беріп қойған денсаулығының арқасында жасы алпысқа енді ілінгендей көрінеді. Ширақ. Бала-шағасы ренжімей-ақ қойсын, заманында діттегенін алмай қоймайтын атақты баукеспе, ұры болған.

Жуырда ауылдағы мектепте «Ұрлық – түбі қорлық» деген тақырыпта кеңейтілген тәрбие сағаты болыпты. Тәрбие сағатына ауылдың имамы ретінде әлгі сексендегі молда «қария» да шақырылған ғой. Жарықтық, ұрлықтың қорлық екендігін Құран, хадистерден мысал келтіріп тұрып дәлелдеп, тамаша сөйледі дейді.

...Жасы жетпіске келгенде баласындай баламен сот пен сот айтысып жүрген тағы бір «қарияны» білеміз. Әлгі бала бұл туралы «шошқа» деген бе, «есек» деген бе, бір нәрсе деген. Сотқа бергені мақұл ғой, бүкіл ел әлгі «қарияны» содан кейін бір-ақ күнде есек атап кетті.

Р.S. Басында қаттырақ кетіп қалғанымызды енді-енді сезіп жатырмыз. Елдің іші – алтын бесік. Ел қариясыз болушы ма еді?! Қариялар бар. Әрісіне барсаңыз Әбіш Кекілбаевтай дарияңыз бар, беріден тартсаңыз Әдіһам Шілтерхановтай қарияңыз бар. Өкінішке қарай, олар аз, тым аз да. Ал, жоғарыда біз атын атап, түсін түстемеген «қариялар» әр облыста, әр ауданда, әр ауылда ондап, жүздеп кездеседі.

Мұндай мақаланы жазуға ниет те жоқ еді. Жазылуына себеп болған күні кеше «Нұр.kz» сайтында жарық көрген бір ақпарат. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш жағында бір бойжеткен қыз көршісінің он жасар баласына «сиырыңа неге ие болмайсың?» деген бе, ол сөзді әлгі бала көтере алмай тілдеп жіберген дей ме... Осы оқиғаның аяғы кәдімгідей жанжалға ұласып, екі тарап бүгінде заң орындарының есігін тоздырып жүрген көрінеді. Алайда, айтайын дегеніміз ол емес, айтайын дегеніміз ауылдың учаскелік инспекторы екі тарапқа да «жарассаңыздаршы» дегенді айтыпты. Тіпті бұл істен ауылдың қариялары да тегіс хабардар көрінеді. Бірақ, олардың сөзі жанжалдасушы тараптардың біріне өтпеген. Нақтырақ айтсақ, қариялардың сөзін қыстырмаған. Құдай-ау, сонда бұлар қандай қариялар он жасар бала мен жиырмадағы бойжеткеннің болмайтын мәселесін шешіп бере алмайтын?! Азамат құнының өзін жалғыз ауыз сөзбен шешкен дана қарттардың ұрпағы емес пе едік?! Өткенде «Аңыз Адам» журналын сотқа берген қариялардың арасында өз ауылдарының, ағайын-туыстарының проблемаларын жалғыз-ақ ауыз сөзбен шешетін қариялар бар ма екен десек, бірді айтып, бірге кеткендей боламыз-ау-ә.

Ендеше, Жарылқап Қалыбай сияқты бір нәрсеге ұшырамай тұрғанда осы жерден тоқтайық.

Сырым НҰРДӘУЛЕТОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары