$ 494.87  520.65  4.91

ҚАРАМҰРТ ҚАРАҚҰРТҚА АЙНАЛМАСЫН...

Тоғыз жолдың торабындағы Арыс қаласында немереден сәл әрі, өзіммен тете бір інішек жасайды. Адамның сүйкімдісі, жігіттің сұлтаны. Етінен ет кесіп алып жатсаң да жанына батқанын білдірмей, күлімсіреген қалпы тұра береді. «Ауырсынғанымды білдірсем әкем-шешем, әйел-бала-шағам, бауырларым уайымдайды» деп ойлайды. Сол інімді Құдай аяғын жақсы қылсын, соңғы екі-үш жылдан бері ауру айналдырып жүр. Онкологиялық кесел. О баста тіліне жара шығыпты. Ол «көп болса ыстық шайға күйіп қалған шығар, қайда барады, жазылады ғой» деп елемей жүре берген. Күн өткен сайын әлгі жара асқына береді. Сөйтсе де  «әке-шешеме уайым түседі» деп ешкімге тіс жармаған. Ақырында жасыру мүмкін болмай қалды. Емдеуші дәрігер «бұл кеселмен күресудің бір-ақ жолы қалды, ол – операция, тілдің жартысынан астамын кесіп алып тастау керек. Онда да жазылса...» деп сөзінің аяғын жұтып қойды.

Операцияның бұл түріне екінің бірі келісім бере бермейді екен. Өйткені, аман шығу мүмкіндігінің көрсеткіші өте төмен көрінеді. Операцияның күрделілігі де сонда, хирургтар тілге ауыз арқылы бара алмайды. Себебі қол сыймайды. Операцияны тек тамақтан... Тамақтан болғанда да... бауыздау жерден жасайды. Қазақшалағанда мал бауыздаған секілді сойып, әрі қарай тілге өту керек. Содан аман шықса шықты!

Ініміз операцияға келісім берді. Операция бөлмесіне кіріп бара жатқанда да ешқайсысымызға қобалжуын білдірген жоқ. Әншейін сыздауығын тілдіруге кетіп бара жатқандай бейқам түр танытады. Сол баяғы күлімсіреген қалпы. Тек операция бөлмесіне кіріп бара жатып, сәл кідірді де Шыңғыс ініме бір парақ қағаз ұстатты және әлденені сыбыр ете қалғандай болды. Сөйтсек біз, ағайындары біле бермейтін біраз адамның аты-жөні, телефоны жазылған қағаз екен. «Әлдеқандай боп кетсем мына адамдарға да хабар беруді ұмытпаңдар» депті.

Операция бес сағатқа жуық уақытқа созылды. Құдайдың көзі тура боп інішек аман шықты!

Содан бері дәрігерлердің ерекше бақылауында. Алайда, өзінің денсаулығына салақ. Ауырған жерін жасырады. Кеше бір жұма бойы қан түкірумен болыпты. Әке-шешесі тексертуге облысқа әкелсе дәрігерлер «мына бала туберкулез жұқтырған» депті. «Жығылғанға жұдырық» деген осы.

Мұның бәрін езбелеп не үшін айтып отырмыз? Айтқымыз келгені – бүгінгі Қазақстан менің осы Хамит  ініме көбірек ұқсайды. Хамит адамның сүйкімдісі болса, Қазақстан мемлекеттердің ішіндегі сүйкімдісі. Біз үшін бұдан өзге сүйікті мемлекет жоқ. Бірақ, Қазақстан да ауруын жасырады. Бүгінде Хамиттің «еш жерім ауырмайды» дегеніне қалай сенбесек, Қазақстан өкіметінің «бізде бәрі жақсы» дегеніне де солай сенбейтін болдық.

Балаларымыздың «сақалы шығып жат боп» бара жатқанынан қорқып, осыдан пәленбай уақыт бұрын дабыл қаққанбыз. Ол кезде өкімет «діни ахуал тұрақты» дегеннен бір танбаған. Яки, ауруды жасырған. Ақырында «сақалдылардың» Ақтау түрмесінен басталған бұлағайы Ақтөбе мен Атыраудағы жарылыстарға, Алматының іргесіндегі және Тараздағы дүрбелеңге ұласып кетті. Билік сонда да «бізде бәрі жақсы» дегеннен бір танған жоқ. Нәтижесінде біраз қандасымыз Сириядан бір-ақ шықты.

Жаңаөзеннің жұмысшылары еңбек дауы бойынша апталап емес-ау, айлап, айлап емес-ау, жылдап митингілетіп жатты. Бұл кеселдің асқынып келе жатқан белгісі еді. Билік кеселін емдетудің орнына «бізде бәрі жақсы» деумен болды. Оның «нәтижесін» бәріміз көрдік.

Кезінде теңгеміздің тұрақты екендігі біресе Марченконың, біресе Келімбетовтің аузымен таңды таңға ұрып жырланатын. Біз олар жырлаған сайын мас қалыпта шаттықтың құшағында жүрдік. Деніміз сау екен ғой деп.Ақырында... осындай болды!

Мұнай өнімдерінің бағасы мен оның жетімсіздігі туралы да осыны айтуға болады. Кешеге дейін Ұзақбай Қарабалин қазақстандық үміттің символындай болып елестейтін. Кешеден кейін Қарабалиннің бетіне қарағымыз да келмей қалды. Себебі, ауруды жасырыпты. Бүгінде жұбатқандай болып бірдеңелерді айтады. Ендігі сөзге кім жұбанады дейсіз?!

Осыдан екі күн бұрын 120 ұлт пен ұлыс мызғымас достықта өмір сүріп жатқан Қазақстанның бір пұшпағындағы «Қарамұрт» (Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы) дейтін ауылда бұрынғы төбелестерден жөні де, жосығы да бөлек бір төбелес бұрқ ете қалды. Жөні де, жосығы да бөлек дейтініміз... Ел іші болған соң қай ауылда төбелес болмайды дейсіз. Алайда, мына төбелеске бүкіл Қазақстанның назары аумасы бар ма! Әлеуметтік желілердің, бұқаралық ақпарат құралдарының бетін осы төбелес жаулап алды. «Қарамұрт» дейтін ауыл тұрғындарының 98 пайызы өзбектер. Ал, «осы ауылдың жастарын ұрып-соғып, дүние-мүліктерін зақымдап кетті» деп кінә қойылып отырған жігіттер көршілес «Мәдени» ауылының жігіттері көрінеді. «Мәдени» тұрғындарының 98 пайызы қазақтар. Әрине, мұндай жағдайда екінің бірі жаман ойлайды, мәселенің бәрін ұлтаралық шиеленіске әкеліп тірегісі келеді. Осы тақілеттес келеңсіздіктер алдағы уақытта да қайталанбас үшін билік тұрғындардан ешнәрсені жасырмауы тиіс. ОҚО ішкі істер бас басқармасының ресми мәліметі бұл оқиға турасында «Ағымдағы жылдың 27 тамызында Сайрам ауданы Қарамұрт ауылындағы, Навои көшесіндегі азық-түлік дүкенінде темекі мен сусын сатып алушы есептескен кезінде 60 теңгесі жетпей қалған. Осының салдарынан сатып алушы мен сатушының арасында дау-жанжал туып, оның соңы төбелеске айналған. Осы оқиғаның барлық қатысушылары анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде» дейді.

Қалай ойлайсыздар, 60 теңге үшін ауыл мен ауыл төбелесе ме? Адамдар 60 теңге үшін жиырмашақты көлікті қиратып тастай ма? Лайым, оқиғаның бәрі осы мәліметте көрсетілгендердей болсын. Бірақ, олай болмай шықса ше?! Олай болмай шықса бір кеселдің белгісі бар деген сөз. Кеселдің белгісі болса оны жасырып, жабуламай, асқынып кетпей тұрғанда емдеу керек. Емдеу күштік құрылымдардың міндеті емес, идеологиялық мекемелердің міндеті. Идеология дәл жүретін сағат сияқты жұмыс істеп тұрған мемлекеттерде адамдар қайдағы бір 60 теңге үшін төбелеспейді. Төбелессе де ол мынадай үлкен шуға айналып кетпейді.

Қайғы-қасіреттің бәрі ауруды жасырған жерде пайда болады. Ауруды жасырғаннан гөрі аурумен күрескен қайырлы іс емес пе?!

Менің тілегім де, дұғам да бала-шағамның, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның, дос-жаранның үстінде.

Менің тілегім де, дұғам да Хамиттің үстінде.

Менің тілегім де, дұғам да Қазақстанның үстінде. 

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары