$ 443.35  475.54  4.82

3 МИЛЛИОН ХАЛЫҚҚА 3 ДЕПУТАТ...

Оңтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда бүгінгі таңда қазақстандықтардың  15 пайыздан астамы, яғни 3 миллионға таяу отандасымыз өмір сүріп жатыр. Демек, халық саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы республикада бірінші орында! Ол 3 миллионға жуық халықтың 70 пайыздан астамы (!) өз қандастарымыз. Сөзімізді кішкене ресмилендірсек, мұндағы тұрғындардың 2 миллионға жуығы қазақтар!

Халық қай жерде тығыз қоныстанған болса басқа өңірлермен салыстырғанда проблема атаулы да сол аймақта көбірек кездеседі. Бұл – аксиома. Демек, Оңтүстікте проблема көп болса одан трагедия іздеудің қажеті жоқ. Проблема адам бар жерде болады. Тек бір айтарымыз, Оңтүстікке халық тығыз қоныстанған екен, өз кезегінде мемлекет те оңтүстік өңірге ерекше назар аударуы керек.

Халықтың биліктегі сенген өкілдері – депутаттар, әрине. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Оңтүстік өлкесі тұрғындарының бағы қаншалықты ашылған? Басқасын айтпай-ақ қояйық, ҚР Парламенті Мәжілісінде 3 миллионға жуық тұрғынның жоғын түгендеп, қанша депутат отыр? Сан мен сапа деген мәселе қаншалықты үйлесім тапқан?

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ата Заңымыз бойынша халық қалаулыларына Парламент Мәжілісінен 107 орын белгіленген. Оның тоғызы Ассамблея арқылы өтсе, 98-ін сонда отыруға мүмкіндік алған партиялар ұсынады. Қазіргі таңда бұл 98-дің 83-і «Нұр Отан», 8-і «Ақ жол», 7-уі коммунистік партияның еншісінде. Егер Мәжіліс депутаттығына Ассамблея арқылы өткен Розақұл Халмұрадовты есептемесек, бүгінгі таңда төменгі палатада Оңтүстік Қазақстан облысынан үш депутат отыр. Шалатай Мырзахметов, Уәлихан Бишімбаев, Ұласбек Сәдібеков. Бұл үш азаматтың да есімі таныс болса оңтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс шығар, былайғы жұрт оларды Нұртай Сәбилянов, Азат Перуашев, Владислав Косарев секілді аса белсенді депутаттардың қатарында атайды дегенге біздің батылымыз жетпейді. Қазақстандықтар Шалатай Мырзахметовті бір білсе оның министрлерге қаратып айтқан  «уважаемые депутаты деп емес, уважаемые господа депутаты деп айтыңдар» деген «атышулы» ескертуі арқылы білуі мүмкін. Басқа дуалы сөзін еске түсіре алар емеспіз. Уәлихан Бишімбаевтың да аты еміс-еміс есте. Ерболат Досаевтың осы кісіге «Уәке» деп айтамын деп емес пе еді, сол кездегі спикер Нұрлан Нығматуллиннен «бәлеге» қалғаны. «Түсінетін» қазақ болса Нұрекең, кешіріңіз, Нұрлан Зайруллаевич «Мәке, Сәке дегенді басқа жерде айтасыңдар» деп тиып тастамап па еді?! Бишімбаев содан есте қалыпты. Ал, Ұласбек Сәдібеков деген фамилияны Мәжіліс депутаттарының тізімінен болмаса басқа жерден кездестіре қоймаппын. Әрине, оған Ұласбек ағаның түк те кінәсі жоқ. Кінә бізден. Футболдан әлем чемпионатына қатысқан 32 мемлекеттің құрамаларындағы ойыншылардың аты-жөндерін түгелге жуық білеміз, өзіміздің қалаулылардың түсін түстемек түгілі ныспысынан да шатасамыз. Әйтпесе Ұласбек аға танымайтын кісі ме еді, үштің бірі ғой. Бірақ, жыға тани бермейміз... Бағасы қымбат бір затың болады ғой, бағасы қанша жерден қымбат болса да пәнәйі себептермен жоғалтып алсаң ішің удай ашу былай тұрсын, жоғалтып алғаныңды білмейсің де. Бейнелеп айтқанда, Ұласбек Сәдібеков маған осындай қымбат дүние сияқты болып көрінеді.

«Мыналар мені кісі қатарына қоспапты ғой» деп Розақұл ака ренжімесін, біз тек Мәжіліс қабырғасына сайлау арқылы келген қалаулыларды ғана айтып отырмыз. Әйтпесе құдайшылығын айтқанда жоғарыдағы үшеуге қарағанда қайта осы Халмұрадов белсенді. Оны ешнәрсе бей-жай қалдырмайды. Ешнәрсе бей-жай қалдырмағаннан кейін ғой, Парламенттің ұшар басында отырып, ауруханадағы бахилла мәселесін көтеріп жүргені. Жағымпазданғаннан асыра мақтап отыр демеңіздер, сол бахилла мәселесін көтергенде есіл ер менің көз алдыма «қайран, халқым, бұл түріңмен қайда барасың?» деп жаны шырқыраған жалғыз патриоттай елестеп еді.

Хо-о-ош, сапа осындай болды. Ешкім нашар дей алмас. Алайда, «3 миллион тұрғынға 3 депутат аз ба, көп пе?» деген мәселе бәрібір ойландырмай қоймайды. Халық өте тығыз қоныстанған аймақта проблеманың аз болмайтынын айттық. Басқа өңірлерде бұл мәселе қалай шешілген екен? Осы сауалдың жауабын білу мақсатында қоңырау шалмаған аймақ, қоңырау шалмаған мекеме қалмады. О, тоба, қай аймақтан қанша депутат сайланғанын не орталық сайлау комиссиясы, не «Нұр Отан» партиясы, не жергілікті әкімшіліктер білмейді. Қай-қайсысы да «мұндай сұрақпен бізге ешкім шыққан емес» дейді аңтарылып. Бәрінен де облыстардың өздерінен Мәжілісте қанша депутат отырғанын білмейтіні таң қалдырды. Сөйтсек білмейтіндеріндей де бар екен. Оңтүстік Қазақстан облысындағыдай емес, басқа облыстарда депутат дегендеріңіз «пішен» екен ғой.Сұрай-сұрай Меккеге жеткендей болып, алдымен Алматы облыстық ішкі саясат басқармасынан мәлімет ала алдық. Сол болмашы мәліметті аламыз деп біз де шаршадық, ондағы жігіттер де бізді қайта көрместей болды-ау деймін. Сонымен біздегі дерек бойынша Парламент Мәжілісінде Алматы облысынан бақандай 16 депутат отыр. Алматы облысы дегеніңіз бұрынғы екі облыс. Соның өзінде ондағы тұрғындардың саны Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының тобығынан да келмейді. Екі миллионның о жақ, бұ жағы. Сол бір жарым миллион тұрғынға 16 депутат. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 3 миллион халыққа 3 депутат... Енді әрі қарай өзіңіз салыстыра беріңіз.

Ал, халқының саны Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының жартысына да жетпейтін Қарағанды облысынан 8 жақсы ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған. Тізім осылай жалғасып кете береді. Аузын үш депутатпен сүртіп отырған Оңтүстік Қазақстан облысы ғана.

Сонымен, республика халқының 15 пайыздан астамын құрайтын өлкеден неге үш-ақ депутат сайланған? Біздіңше мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, білесіздер, бірқатар мәселелерді көп жағдайда өңір әкімінің беделі де шешіп жатады. Әкімі беделді облыстың қашанда ұпайы түгел. Алайда, ешкімге бұл аргументті аксиома ретінде қабылдаңдар дейтін зорлығымыз жоқ. Дегенмен, беделдің аты - бедел. Біз әкімдердің беделін бүгінде бірнеше журналист пен блогерлер түзген рейтингтерге қарап анықтап жүрміз. Мұның дұрыс тәсіл еместігін күн өткен сайын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Оның үстіне қоғамда қазір жиі айтылып жүрген «бір тәрелке көжеге келген бедел» деген әңгімені шығарған біз емес. Мына заманда кімнің аузына қақпақ қойғандайсың. Айтайын дегеніміз ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов жаңағы рейтингтерде үздік үштіктен түспейді. Мұндай көрсеткішпен Асқар Исабекұлы республикадағы ең беделді әкім болуы керек еді ғой. Ең беделді әкім болса бұл өңірден Мәжілісте неге үш-ақ депутат отыр? Халқының мұң-мұқтажын биік мінбелерден көтеріп, түйінді мәселелерді шешуге республикалық деңгейде күш салдыратын да сол халық өкілдері. Сонымен қатар, олар облыс бюджетін қорғауда да ерекше рөл атқарады. Ал, кез келген әкім өзі басқаратын облысқа республикадан қаржының көптеп бөлінуіне мүдделі (әрине, халықты ойласа). Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Асқар Исабекұлы қаншалықты беделді? Бұл сұрақтың жауабын алдағы күндер берер. Әзірге анығы үш депутат...

Екіншіден, Парламенттен орын алған 3 партияның басшылығында оңтүстік өңірі өкілдерінің болмауы. Әрине, бұл тұста «жоғарыда «южандар» көп» деген уәж айтылуы да мүмкін. Көбіне көп шығар, бірақ өз басым олардың бәрі жоғарыда өңірдің проблемасын айту үшін, шешу үшін отыр деп ойламаймын. «Олардың арасында тек тамағын асырау үшін жүргендер ада-күде жоқ» деп кім кепілдік бергендей...

Үшіншіден, депутаттардың үлес салмағына әсерін тигізетін тағы бір фактор – Президент Әкімшілігі. «Парламент спикерлері мен сондағы сала комитеттері төрағалары ше?» дейсіз бе? Кешіріңіз, олар көп нәрсе, тіпті ешнәрсе шешпейді. Көтер деген мәселені көтереді, оқы деген баяндаманы оқиды. Әрине, олар заң жүзінде республикадағы екінші немесе үшінші адам болып есептелуі мүмкін. Бірақ ол тек заң жүзінде ғана. Ал, бейресми түрде екінші адам Президент Әкімшілігінің басшысы. Министрдің болсын, әкімнің болсын, Премьердің емес, Президент Әкімшілігі басшысының алдында құрдай жорғалайтындығы содан. Аслан Мусин қызметтен кетісімен біраз министрлер мен әкімдердің «тентіреп кеткендігі» сондықтан. Айтпағым, өңірге бөлінетін депутаттар квотасына «ориентировканы» берсе, осы «АП» береді. 

Біз бұл әңгіменің бәрін не үшін айтып отырмыз? Бейресми дерек көздері Мәжіліске депутат сайлаудың келесі жылы-ақ өтетінін айтады. Біздікі егер осы бейресми дерек ресми дерекке айналып жатса осы жолғыдай «3 миллион халыққа 3 депутат» деген мәселе тағы да қайталанбаса деген тілек қана.

Расында да, Оңтүстіктен обал емес пе?!

Еркін Журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары