Шығармашылық адамдары арасындағы пікір алауыздығы, дүниетаным қайшылығы қалыпты жағдай болып қабылданады. Бірақ кейде екі адамның арасындағы жай ғана көзқарас келіспеушілігінен туған реніш бітімсіз күреске ұласып, болымсыз пенделік өкпенің өмірлік жауласуға дейін жетелеп кететіні бар. «Қане, қайда?» дейтін емес, маңайымызда мың мысалы толып жатыр.
Түбі жоқ текетірестен кімнің ұтып, кімнің ұтылып жатқаны өздеріне ғана мәлім болмаса, айғайға сүрең қосып қиқулап жататын былайғы жұртқа тек осының қызығы керек. Қып-қызыл шоқты үрлеп, жалаңаш қолымен отты ұстағысы келетіндер арамызда көп-ақ. Аты белгілі, атағы дардай адамдардың алтыбақан алауыздығынан құдды бір жаны рахат табатын сияқты. Әрине, мұндайда әдеби орта ауызға алдымен ілігеді, бірақ шығармашылықтың қай саласы болса да, бұл жағымсыз жағдайдан тысқары емес. Солардың бәрі – қазақтың жақсысы. Ісімен, ойымен, қызметімен жақсылықтың ұрығын шашып жүргендер. Олардың әрқайсында мінез бар, мінезсіз болса тісі жоқ арыстанмен тең болып, сондай үлкен өнер тудырып, бар қазағын табындыра алмаған болар еді. Біздің айтпағымыз, өзара жанжалдасқан, айтысып-тартысып жүрген жақсыларымызды жауласуға дейін жібермей, жарастырып жіберетін бір ауыз дәнекер сөзін айтып, араағайындық жасайтын мінездің қазақтың бойынан қашып, жоғалып бара жатқандығы. Тура билер институты жұмысын толықтай тоқтатты – заманның заңы. Алты қанат ақ орданы шайқайтындай ашуды тоқтатып, байыппен отырып басалқылық сөз айтып, татулыққа шақыратын ірі мінез табылмайтындай, қайда кетті сонда? Сұқсыр сауысқан ғана сұңқарлардың биікке ұшқанын көре алмайды. Осының бәрінің астарында баяғы сол іштарлық, көре алмаушылық, қызғаныш жатады деп, қазақтың төл қасиетіне тели салғанымызбен, көп жағдайда араздықты қолдан қоздыру себебі де байқалып жатады.
Мүйізі қарағайдай екі Мұхтар шайқасады – Шыңғысханның шындығы үшін арпалысқан екі мықты айдалада қалады да, ұшы көрінген жіпті өздері тарқатып алып кететіні аздай, дауды одан ары қоздырып, ушықтыра түсетіндер табылады. «Мен Әбдіжәмілмен айтыстым, Олжаспен тартыстым, талаймен тірестім, сөзге тоқтамайтын талай нақұрысты көрдім, бірақ дәл мынадай кеңкелесті көрсем көзім шықсын» дейтін Мағауин ағамыздың өзіне ғана тән мінезімен айтып салатыны Шахановтың өзіне емес, ақынның шашбауын көтеріп жүретін «шахановшылардың» шымбайына қаттырақ батып кетіп «тіріні де, өліні де тілдеп, жан таптырмай жүрген бұған бір тоқтам бола ма?» деп шабынып шығады. Ал екеуін бірлікке шақырып, өкпесін өзімен бірге алып кетпеуді өтінген бір қазақ жоқ.
Әбдіжәміл демекші, «Қан мен тердің» авторы мен «Дарабоздың» даңқын аспандатқан Қабдеш Жұмаділовтер қырқысып жатқанда да, қызығына қарап отқа май құйып өршіткендер қаншама?! «Бар өмірім күреспен өтті» деп еді сонда қамыққан Қабдеш ағамыз. Тізесі шыдағанға тартысқан деген жақсы шығар, бірақ ағарған шаш пен жұқарған жүйкенің өтеуі екеуінен басқа кімнен сұралады? Қатарластарының арасында «қойыңдар!» деп төрелікті де, төбелікті де өз тізгініне алып, тыйып тастайтын біреудің табылмағаны, бүгінгі зиялы қауым ортасының қандай екенінен хабар беріп тұрған жоқ па?
Марқұм тамаша жазушы, талантты сыншы, дәулескер күйші Таласбек Әсемқұлов студент кезінен «қандыкөйлек» досы болған Тұрсынжан Шапаймен талай жылдар қырғиқабақ болып жүрсе де, бәрібір әңгімесінің арғы жағынан оған деген бір жылылық байқалып тұратын. Не дегенмен, адамның жас күніндегі, жігіт шағындағы достығы – ең асқақ достық. «Тұрсынжан –ХХ ғасырдың ұлы сыншысы» дегенін өз құлағыммен естіген едім. Әттең, екеуінің қайта табысып кетуіне дәнекер бола қоятын бір жанашыр дананың табылмай, қор еткені ғой. Бір мәрте осы тақылеттес мақаламыз жарық көргенде, ертеңінде таң атпай жазушы Сәбит Досанов хабарласып, былай деді: «Сендердің мына қозғап отырған мәселелерің – ұлттық мәселе. Баяғыда Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов талай жыл бір-бірімен қатты араздасты. Аяспады. Соншалықты алып бара жатқан сойылдай мықты бір себеп те болсашы. Олжастың айтпағанын «айтты» деп Әнуарға, Әнуардың айтпағанын «сен туралы былай деді» деп Олжасқа айтып, екі ортада сөз тасып, екеуінің арасына ши жүгіртіп, шағыстырғандардың құрбаны болды. Екеуі де парасатты жандар ғой, бір-біріне қадам жасағысы келеді-ақ, бірақ анау ортадағы қолтыққа су бүріккендер біріне-бірін жамандап, жолатпады. Ақыры шыдамадым, «Олжас, қойсаңшы енді, өткенде бір отырыста топ адамның ішінде отырып Әнекең сенің анау бір өлеңдеріңді қатты мақтады. Ол сен ойлағандай жаман адам емес, жүрген жерінде саған деген жылы сөзін айтып жүреді» дедім. Әнуарға бардым да, тап осындай мағынадағы Олжастың «сөзін» жеткіздім. Сөйтіп екеуін бетпе-бет кездестіріп, қолдарын алып, ымыраға, ынтымаққа келтірдік. Қос мықты қайтадан жарасып кетті. Өле-өлгенше Әнуар Әлімжанов Олжасты қолдаумен өтті. Олжас та аянып қалмады, Әнуарды соңғы сапарға шығарып салғанға дейін жақсылығын да, азаматтық ізгі көңілін, көмегін аямады. Өкінішке қарай, шығармашылық ортада жарастыратындардан гөрі жауластыратындар көп. Біздің алдымыздағы аға буынның арасында да ондай дау-шар, араздық пен айтыс көп болған. Тіпті талай жағдайды Сәбит Мұқановтың өз аузынан да естідім. Олардың бір артықшылығы, мысалы, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов үлкен әдеби жиындарда, кеңестерде бір-бірімен жаға жыртыспаса да, жүз шайысуға дейін барып, ауыр-ауыр сын айтып, шекесі ісігенше қызыкеңірдек болып айтысса да, кешкісін түк болмағандай ия сынағанның, ия сыналғанның үйіне барып шай ішіп жүре беретін еді, біз соның шет-жағасын көріп қалдық. Бір жолы ақын Хамит Ерғалиев пен режиссер Асқар Тоқпанов қатты қақтығысып қалды. Хамаң гүжілдеп, адуынды мінез танытқанымен, табиғаты кең, ақкөңіл адам еді. Асқар ағамыз да тілінің тікенегі бар, жолындағысын тұтастай жайпап жүретін тарпаң мінез тұлға еді. Жазушылар одағында бір жиын өтіп, соған екеуі де келген екен. Екеуін жетелеп әкеп, ортасына отырып алдым да, қол алыстырып, ағаларымның арасындағы өкпе-реніштерін жуып-шайдым. Одақтан шыға бере, жайраңдай күліп жарасып бара жатты, қайран ағаларым...».
Бұл жазушы Сәбиттің әңгімесі. Ал бірде Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаевтың әңгіме үстінде былай дегені бар: «Е-е, бұл театр дегеніңіз – қайнап тұрған қазан, жанып тұрған от қой. Бірде таңертең жұмысқа ерте келіп, ұзын дәліздің бойымен өтіп бара жатсам, Сәбира Майқанова апамның кабинеті жақтан шаң-шұң еткен дауыс естілді. Өтіп кеттім. Арада көп уақыт өте қойған жоқ, «Әзірбайжан Мәдиұлы шақырады» деген хатшы қыздың хабары түсті. Барсам, «Айналайын, Сәбит, сен ана апаларыңа барып, басу айтшы. Дәл қазір Сәбира апаңа барсаң, бөлмесінде Шолпан, Бикен апаң үшеуі қырық пышақ болып қырылысып жатыр»,– дейді Әзекең күліп. Бастықтың кабинетінен шыға салып, апаларыма бардым. Барсам, «үш жүздің президенті» расында да қатты ұрыс үстінде екен. Сәбира Майқанова театрдың парткомы еді. Көп нәрсе қолында болатын. Шолпан Жандарбекова мен Бикен Римова апаларым: «Сен біздің айлығымызды көбейтпедің», «Сен бізге курортқа жолдама бөлмедің», «сен өйтпедің, бүйтпедің» деп, қойшы не керек, екеуі екі жақтап жабылып, Сәбира апамды жүнше түтіп жатыр. Апам да берісер емес. Кіріп барып едім, қанша дегенмен әртіс емес пе, ащы дауыстары бәсеңдеп, Бикен апам мен Шолпан апам түк болмағандай күлісіп, бірін-бірі қолтықтаған күйі әлденені айтқан болып шығып кетті. Мен де аңғармаған болып Сәбира апама еркелей кіріп, хал сұрадым. «Ой, Сәбитжан, халдің несін сұрайсың, мыналардың сұрын көрдің ғой өзің де, мені тірідей жеуге бар» деді қамығып. «Ой, қайтесіз мән беріп, айтқандай, Аргон ауырып жүр деп едіңіз, қалай болды?» – дедім жалма-жан Аргонды есіме алып. Аргон – апайдың иті. Өзі алдында «ауырып жүр» деп уайым ғып әңгіме айтқан. «Сәбитжан-ай, мыналардан гөрі менің сол Аргоным адам ғой » демесі бар ма?» деп Сәбит аға қарқылдай күліп театрдың өткен өмірінен бір үзік сыр айтып еді...
Адамдардан көңілі қатты қалғанда, кейбір жанның ит-мысық асырап, ішінен бұлқынып шыққысы келетін жан жылуын, адамға ғана арналуы тиіс мейірім-махаббатын жануарларға беретіні сондықтан болар. Айтпақшы осы әңгіменің бәрі айналып келгенде, араағайындықты шебер жасайтын қазақы қасиетті жоқтаудан шығып еді-ау...
Айгүл Аханбайқызы