$ 444.32  473.33  4.76

Кімбіз, қайда бара жатырмыз?

Бабалар мәнін болжаған дүние – жалғанның өнер атаулыға өзек болмаған кезі жоқ-ты. Әсіресе, әдебиет атты алып дария адамзаттың кермек жасымен бір толып, бір ортайып, өзінің мәңгілік ағысын қалыптастырғалы қашан. Далалар төсінде аспанға бой созған көк мәрмәр тасқа қашалған түркінің шерлі шежіресі немесе «он сан Ноғай бөлген, Ормамбет би өлген күннің», иә болмаса «мына заман қай заманның?..» «шырылдаған сәбидей мазамызды алатыны» – көз жаспен суарылған көркем тілдің кереметі емес дей ме?.. Мұнан кейінгі кестелі сөздегі бейнеміз айтатыны жоқ, онан бетер айқын. Бұл бізге тиесілі тағдыр-талайдың тасқа басылғаны.

Қазіргі әдебиеттің халі қалай? Адам қалай?  Кішкентай детальдарын меңгеру тәсіліміз ше? «Әдебиет айтарын айтып болған» деген пікірлерді жиі еститін болдық. Неге олай? Компьютерді шұқылап отырғанымызда бір сайтта жарияланған «Тәңір еркесі емеспін» атты шағын дүние өзіне тарта жөнелді. Кім Құдайдың еркесі дейсің, сіз де көз жүгіртіңіз...

«Тәңірдің еркесі емеспін, өйткені кедей отбасым бар. Қыстың сол түнін мәңгі ұмыта алмаймын, әкем қарындасының үйіне барып, үйге аттап кірісімен маған қуана: «Апайың саған бір себет апельсин беріп жіберді, жеміс жейтін болдың», – деді. Барып себетті ашсам, жол бойы шайқалып, апельсин бұзылып кетіпті. Әкем сілейіп тұрып қалды. Мен сыртқа шығып кетуге ыңғайландым. «Абыржыма, сөзсіз бұзылмағандары болуы керек, әкең саған тауып береді». Әкемнің белі бүкірейіп, мүйізгек басып кеткен қос қолымен себеттегі апельсиндерді қотарыстыра бастады. Үстіндегі пальтосы Ай жарығымен онан бетер сүреңсіз көрінді.

Мен шетте әкемнің себетті аударып-төңкергеніне қарап тұрдым.

Әкем қанша іздесе де бір тәуір апельсин таппады. Күрсініп, тастай суық жерге отыра кетті. Жарлы әкенің мәз-мейрам болып, баласына бір себет жеміс әкелгенде, жемістің түкке жарамай бұзылып кеткенін көргендегі торыққан көңіл-күйін қиялыңа келтіріп көрші? Әкенің көңілі алып-ұшып, баласына ең болмағанда бір тал тәуір апельсин тауып беремін деген ниетін қиялыңа келтірші... Бұзылып кеткен апельсиннің мүңкіген иісінің ішінде жылап жібердім. «Балам, жылама, ертең саған бұзылмағанын сатып алып беремін», –деді әкем мені жұбатып. «Әке, апельсин жегім келмейді!», – дедім. Әрине, бұл шын сөзім емес, әкемде ақша жоғын білетінмін.

Ертесі әкем кіп-кішкене екі тал апельсин әкеліп:

«Балам, жей ғой!», – деді маған ұсынып жатып. Мен апельсинді ақырын аршып, жартысын әкеме беріп: « Әке, сіз де жеңіз», – дедім. Әкем менің мінезімді білетін, жарты апельсинді аузына салды. Сол сәтте әкемнің көзінен мөлдіреген жас тамшыларын көрдім.

Осыдан кейін әлгі бір себет апельсин есімнен шықпайды. Әр жолы есіме түскен сайын сүреңсіз Ай сәулесі мен апельсин¬нің қышқыл иісі көз жасыммен бірге араласып, тамып тұрғандай сезіледі. Осы оқиғадан соң мен титтей де бойкүйездікке салынуға батылдық ете алмадым. Өйткені, өзімнің Тәңірдің еркесі емес екенімді, сүреңсіз өмір сапарымда айқара ашылған қақпаның жоқ екенін білдім...».

Бар-жоғы жиырма-отыз жолдан тұратын осы бір шағын дүниені оқып отырып, санаға талай нәрсе оралады. Жапыраққа тұнған тамшыдай дірілдеген адамның жаны, көк дөненнен жүйрік көңілі. Дөп бассаң сорғалап келіп, сораңды ағызатын – сөз, сиқыр картина. Күнделікті қарапайым қарым-қатынастың қалтарысындағы нәзік құбылысты сезінуден қалып, романтикасы әлсіреген қауымға өнердің өлкесі жат, өрісі тар болғасын ба, «жазушыларымыз заманды, жазатын тақырыпты игере алмай жатыр. Әдебиет айтарын айтып болған» дегенді шығардық. Ең әуелі, «сәулесі суда дірілдеген» хұсни ғаламның таңы батыстан атып, жерден Мәді шыққан заманды сүрмегенімізді еске алған ләзім еді. Адам жаны – мәңгілік тақырып. Кім, қалай қолын дөп сермегенімен бүгінгі өмір қымбат. Бүгінгі өмір – әдебиет. Ақталуымызды күтіп тұрған өнер жоқ.

Өзіміздің Бейімбет, ойдағы орыстың Чеховы мен Бунины, қырдағы қытайдың Лу Шинь салған картинаға қарасақ болды, тіл бітіп, тіріліп кететін дәуірдің бақыты – сұңғыла суреткерлерге кенде болмағандығы емес пе? Өмір сүру тәсілі, қоғамдық формациялар ауысқанмен тартысқа толы тіршілікті бүгін де өткізіп жатырмыз. Гәп бізді келешектің қалай еске алатынында. Әдебиеттің тағдырын кесіп-пішіп пікір айтып, терең қазып, тепкілеп көмуге асыққан жайымызбен келіп, кеткеніміз ешкімге беймағұлым қалыппен өте шықсақ та, өмірдің ештеңесі кетпес. Кеңістік пен уақыт тұлғалаған, бедерсіз, бедірейген кейіпке обал. Әйтпесе, жүрек мәңгілік тыныштыққа шомып, адамның әуелгі мекенінде жүргендей жағдайы қайда? Күніне жүйке сыр беріп, бырт-бырт үзілген талшықтарын санауға үлгермей де қалмадық па!.. Қайшылығы күрделенбесе, бәрі шешілген Жәннат жер бетінде жоқ. «Басы сайран, түбі ойран» дүрбелең дүние сол...

Өткенде дос жігіттің үй алам деп банктен алған қарызын қайтаруға әкесінің алпыс-жетпіс жыл жиған табан ет, маңдай терін сатса да, үлкен соманың маң қарасын көрмейтінін айтып, кетеуі кеткен тіршілігіне налығаны Ги де Мопассанның «Бейшара Мадридының» халінен ауыр болмаса, жеңіл емес еді. Тағы бірде екі кештің арасында жүргіншілер шұбырып жатқан Алма-тының мәлім бір көшесінде келе жатып, көзімізде Күн, жүзімізде Ай тұтылды. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығындағы» мүк басқан қаланың соңғы тыныштығы ақырзаманды ұмыттырып, нәпсінің қызыл отына күйген азғындары секілді арпалысқан екеу... Буендя әулетінің құбыжығы – торай құймышақ баланың «ағайындары» енді өзінің тыныс-тіршілігін басқа құрлықтан, басқа елден тапқанын әйгілеп, Маркестей үлкен суреткерін күткен көңілсіз көше азынап тұрды. Үнсіз бұрылып, ибалы жолаушыдай қылық танытқанымызбен «жол азабын» сейілтер жан жоқ...

Сұмдығын ішіне бүккен алып қаланың тоқсан тоғыз томға жүк «тойы» бітсін бе? Таныс кісім еді, жолығып қалдық. «Қолың сынғыр, бақытсыз боп қал!» деп боқтадым дилер қызды», – дейді казино жағалап, құмарға басы кіріп кеткен ағам күйіп-пісіп: «Өзінің қолының сиқыры бар ғой деймін, таратқан картасынан маған бір ұтыс шықсашы». «Қыз ренжімеді ме, аға?» – деп сұрап үлгергенімше: «Ренжіді. Бірақ «сізден бақыттымын, мен құмар ойнамаймын», – деп өзі шыққалы тұрған шыбын жанды шырқыратып кетті», – дейді ағам төмен қарап, үсті-үстіне шылымын сорғылап. «Дүние-мүліктің бәрі кетті. Енді бас көтеріп, жұрт қатарлы өмір сүруім қиындау». Үлкен кісінің ұнжырғасы түсіп, көз алдыңда таусылғанын көргеннен артық азап бар ма?.. «Шіркін, жазушы болғанда осы қоғамның картинасын өзім салып берер ем» деп «кіжінген кедейдің күні» құрысын. Кенезесі кепсе Әуезов, Мүсірепов, Әлімқұлов, Нұрмағамбетовтермен шөлін қандырып, қазақ болмысының тамырын дәп басқан қаламгерлеріне ана кездің пенделері өкпелемес. Тарихи алмасулар мен тоғысулардың торабындағы біздің хал басқа. Чарльз Спенсер Чаплин киносындағыдай күлкі мен қасіретке толы. Қимыл бар, сөз жоқ. Неге қоғамдық көліктерде Кеңес батырларына жасалған жеңілдіктердің «Желтоқсан» боздақтарына бұйырмағаны үшін, жүргізушімен жанжалдасқан кем-салиқа келіншек жолда қалады? Неге отарлықтың отымен кіріп, күлімен шыққан ауыр психологиялық дертімізді Мигель Астуриасша «Жүгері адамға» жүктемей, жасқа шыланған жүзімізді жұрттан «жасырдық»? Неге атомның азабымен арпалысып, «Мәңгілік бала бейнеден» арылмаған атпал азаматты Кэндзабуро Оэше «Жапон жанына» жақындата алмадық? Неге демін ішіне тартқан алып ғимараттардың суық бөлмелеріндегі бюрократ «бекзаданың» бетпердесін Салтыков-Щедринше сыпырып алмадық?.. Жауабын бір күнде бір жасқа келетін Алпамыс жырындағыдай тарихи сана ерекшеліктеріне тән эмоциямыздан іздеген оң болар. Ол дәуірдің келмеске кеткенін өткен ғасырларда қазақтың қара шалы бағамдап, «ескі бише, бос мақалдамады». Қазақтың әлеуметтік портретін көкірегі қарс айырылып, қағазға төкті. Үлкен сілкініс инерциясы дедектетіп, жеткен жерімізден, келесі сапардың күртікке із тастар ұлы жорығы басталған.

«...Бұрынғы жарапазан айтатын Төлепберген өліп, Октябрь төңкерісінен кейінгі жарапазан айтатындар:

Қызыл туын сырлатқан,

«Интернационал» жырлатқан,

Ресейге нық орнатқан

Қай кедейдің туы екен?

Ей, жарлы-ау! Ей, жарлы-ау!

…………………………………

Қоғамдас, жалаңаяқ жарлы жазған,

Жасасын жаңа талап, жаңа заман!, –

деп зулататын болды жаңа заманның жарапазаншылары». Шағын сюжетке құрылған Ілияс Жансүгіровтің бірер беттік «Жарапазанындағы» әлеуметтік ахуал қай дәуірде тұрып парақтасаң да, айқын сурет. Жеті түнде өлген торысының құлағының түбінен кісінеп, есі қалмаған Үкібайдың (Асқар Сүлейменовтың «Қара шалындағы» кейіпкер) «өзіне өріс, қабылан торысына әрі бесік, әрі қабыр болған Қанжуғанды көре алмай», сақалын тарам-тарам жас шайып күрсінгені – Абай, Ілиястардан кейінгі қазақтың халі, шырқырап, үзілерге жеткен жаны. Қобыздай күңіреніп, жылқыдай жылаған жазмыштың іңірге басын сүйеп, зікір айтқаны бір «Қара шал» емес-тұғын. «Кенезесі кепсе, шөлін басқан қаламгерлері бар еді» дейтінің сол.

Қауымдық құрылымның жүз жылда жаңалаған қазанына қара шыбындай қаумалаған бүгінгі тіршілігін, күрделі психологиялық көрінісін мейлінше сәтті сомдаған туындылар тым аз. Керісінше, кешегі қоғамдық мінезге оралып соға береміз. Жақында  оқыған тәуір шығармамыздың бірі Дидахмет Әшімханұлының «Құдайсыздарынан» да осы тенденция байқалады. Қайтыс болған әкесін қып-қызыл партбилетпен «арулаған» ұл үкімі – трагедия. «Ұядан не көрсе, соны алатын» ұрпақ мәселесі. Бұл дүбәра кезеңді Оралханнан бастап, біраз қаламгер көтерді. «Құдайсыздардағы» атасына жасалған «ізет, құрметті» ту сыртынан тамашалаған немеренің (салдардың) қандай шешім қабылдайтыны – бүгінгі өмір. Бұрын Құдайға, кейін партияға, енді «сүйенері кім, таңдауы қалай боларын» қалтарысында қалдырған әңгіме біткен тұста өкінішіміз оянды. Сірә, біз осы  кімбіз? Қайда барамыз?..

Ырысбек ДӘБЕЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары