$ 498.34  519.72  4.85

Алқаш сыңардан арылатын кез келді

ЧАНГ ПЕН ЭНГ. 1811 жылы Сиамда, яғни қазіргі Тайландта қабырғаларындағы тек шеміршектері қосылып біткен Чанг пен Энг атты егіз дүниеге келді. «Сиам егіздері» деген атау да осылардың құрметіне пайда болды.1829 жылдан бастап Роберт Хантердің шоуында қатысып, әлемді аралап ақша тапты. Соңыра Солтүстік Королинадан жер мен құл сатып алып шаруаларын дөңгелетті. Екеуі апалы-сіңлілі екі қызға үйленіп, бірінен 10, екіншісінен - 11 бала сүйді. Өмір бойы иықтасып жүргенмен, екеуінің мінезі екі түрлі болғандықтан, жиі-жиі текетіресіп қалатын болған, әрі Чанг спирттік ішімдікке құмартса, Энг мүлде ондайға қарсы-тұғын. Абысындар мен бала-шағаның арасындағы ұрыс-керіс ақыры бір шаруашылықты екіге бөлуге әкеп соқты. Екеуі қосақтасып алдымен бірінің қожалығында үш күн, содан соң келесісінде үш күн кезектесіп қонатын. 1874 жылдың 17 қаңтарында араққұмар Чанг түнде көз жұмды. Ол кезде Энгтің денсаулығы құр аттай еді. Чангтің кесірінен бірнеше сағаттан соң Энг те бақилық болды. Бір деректерде оған Чангті тез арада кесіп алып тастамаса, оның да өмірі ұзаққа бармайды деп есекертілді. Энг алдында келіскенімен, көз ашқалы көрген, иықтасқан, өмірдің қызық-шыжығын дәл мағынасында бірге көрген сыңарын қимай, өз еркімен ана дүниеге кете барды деп айтылады.

ҚАЗАҚИЯ МЕН РЕСЕЙ. 1991 жылы «одақтаспыз» деп келген республикалар жапа-тармағай азаттығын жариялап жатқанда, біз әліптің артын бағып күтіп отырып алдық. Тек 16 желтоқсанда жұрттан ұялғаннан ірге ажыраттық. Онымен қоймай «одақтасайықшы» деп тағы қалмадық, ақыры Кеден одағын құрып 2015 жылы Еуразиялық экономикалық Одаққа да қол жеткіздік. Әсілінде, Н.Назарбаев бұл одақты шын мәніндегі «Одақ» деп түсінсе, В.Путиннің «Союз» деп түсінетіні Қырымның аннексиясынан кейін анық аңғарылды. Бұрынғы жасырып жүрген ұры тісін осы жолы айқын және ашық көрсетті. «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» деген, Украинаның сес көрсетіп, бауырының бет бердесін ашып бергені қандай жақсы болды десеңші... Енді біздікі не жорық дейсің-ау. Батыстан келген экономикалық санкциялардан Ресей экномикасы құрдымға қарай жол тартып бара жатыр. Тамыз айында олардың экономика министірі А.Силуанов Ресей санкцияның салдарынан жыл сайын 40 млрд, ал мұнайдың құлдырауынан 100 млрд долларға тақау жоғалтады деп болжаса (http://www.bbc.co.uk/russian/russia/2014/11/141124_russia_sanctions_losses_siluanov),  ЕуроОдақ билігі осы екі жыл қарсаңында 100 млрд еуро жоғалтады деп отыр (http://slon.ru/fast/economics/ekonomisty-otsenili-poteri-rossii-za-god-sanktsiy-v-950-mlrd-rubley-1203412.xhtml). Бүкіл ЕуроОдақ сүрініп кеткен Грекияны осы күнге шейін сүйреп келе жатса, біз шалынып кетсек, одақтасымыз Ресей қолтығымыздан демейді дегенге сену қиын. Керісінше, табанының астына салып, барыңды тартып алатынына сенімім мол. Ал біз не деген адал едік? «Экономикамыздың тағдырын батыстың санкцияларынан зардап шегіп отырған ең ірі сауда әріптесіміз – Ресейдің қалпына келуіне» теліп қойдық. Тіпті: «Да, Россия сегодня в тяжелом состоянии оказалась, но и мы вместе с Россией... Вот эти варварские санкционные дела никому не помогают... Я уверен, и мы уверены казахстанцы, что Россия выйдет с честью из этой ситуации, будет развиваться и процветать, и мы вместе с ней»- деген адал достық сөздерін де естідік (http://nashaplaneta.su/blog/nazarbaev_prizval_kazakhstan_k_ehkonomii_i_opore_na_rossiju/2015-02-12-63939). Тіпті, ол үшін үнемдеп өмір сүруге үйренетінімізді, аз қамтылған отбасыларынан шыққан мектеп жасындағы балаларымыздың ботқасынан да бас тартатынымызды жариялауды ұмытпадық.

Неге соншама сиям егіздеріндей жабысып қалдық?  Біз дәл сол ЧАНГ пен ЭНГ-тің тарихын қайталап келеміз. Тіпті, қосақтаса туған олардың өзі керек кезінде шаруашылығын бөліп ала алған. Біздегі аяушылықты білмейтін, өркениетті одақ құру тәжірибесі жоқ, одақтасына олжа деп қана қарайтын алыптың құшағына құштар етіп тұратындай не қылған махаббат?! Шыңырауға  қоса тартып бара жатса да айырылмайтын не қылған құштарлық?!

  Сыңарымыздың ниетін білдік, әлеуетін көріп тұрмыз, көрпемізді қымтап алатын нақ осы шақ емес пе? Ертең тағы күшейсе, көресінді көрсетеді. Құдай оларға Чангтің тағдырын берсе де, бізге Энгтің тағдырын беруден сақтасын.

Ресейді біреумен үзеңгі қағысқан одақтас болыпты дегенді естідіңіздер ме? Оның үстіне бостандық алған «құл» мен бұрынғы «қожайынның» арасында қандай бизнес әріптестік болуы мүмкін?! Ол тек үш ұрпақ ауысқанда болуы мүмкін. Ұрпақ ауысып жатыр, ал саяси жүйе мызғымай тұр.

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары