Қазақта бір жақсы сөз бар «Құдайдан үміті бар» дейтін. Ұлттың болмыс-бітімі, этикалық өлшемдері, адам деген атқа ие тірлік кешудің бүкіл шарттары бұл сөздің төңірегінде жасалып жатады. «Үмітсіз шайтан» болудан аулақ, Құдай тану қазақта әу бастан солай-тын. Қылдай қиянаты жоқ Жасағанның рахым-шапағатына бөленуді өмірлік философиясына айландырған бұл жұртқа бұл күндері «жөн сілтегіш» «пірәдарлар» да көп. Адасқан, алжасқан сәттерімізге қайрылып қарап қойғанымыздан абзал не бар?..
Әмірі аспан астын тітіреткен Шидәттің жерде соғылған жұмағы туралы аңызды естіп пе едіңіз? Жаратушының шексіз құдіреті мен мейіріміне шек келтірген пендешілік не істетпейді? Шидәт пақыр жұмақтың ауыздың суын құртар кескін-келбетін, миуалы бағын, жанның қалағанын табар қанағатын, алтын-күмісінің жетісінше жерден соғуға тырысады. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі шеберлерді жинап, жердегі жұмақ құрлысын бастайды. Сонымен қойшы, Алладан сұрамай-ақ өзі жасап алған жұмаққа кіру салтанаты жер-көкті тітіретіп, патша ағзам асыға адымдап жұмақтың босағасын аттағанда жан тәсілім етеді. Жаратушы Ием алшаңдай басқан адамзаттың босағадан аттауына мұрсат бермей, жанын жаһаннамға алып келуге Әзірейілге бұйрық берген екен. Жұмақты ет пен сүйектен жаралған пенде баласы көре алмайтындай етіп перделеп, құпия күйінде қалдырыпты...
Арабтың шөл-жазира даласында түйесін жоғалтқан біреу қаталап келіп, ғажайып шаһарға тап болады. «Жанға не керектің бәрі бар бұндай кереметті өзім ғана емес, туыс-туғаным тіпті бүкіл ауылыммен келіп тамашалап, мүмкін болса мекендеп қалуға болар» деген оймен екі етегі желбіреп ауылға шабады байғұс. Шулап, шұрқырап жеткен ауыл адамдары сағым көшкен құмды даладан басқа ештеңені көре алмай, елді дүрліктірген жігітті жазғырады. Ол бейшара Құдайдың құдіретімен Шидәттің жоғалған жұмағына тап болған міскін болуы мүмкін дейді екен кейінгілер.
Қош делік, не болса да әйтеуір жұмақ дегенді армандамайтын адам баласы жоқ. Ібілістің азғыруына шатылып, күнәһар болып жерге қуылғаннан бергі адамзат тәубесінің қабыл болғанда қайта қауышары - сол әуелгі мекен деп саналады. Бағыт-бағдар нұсқап, келіп-кеткен Елшілер де көп. Жай келмеді, біраз кітаптар ала келді. Қаншасына ердік, қаншасына сендік. Ол енді үлкен әңгіме. Ең қасиеті - ізгілік туралы ілім адамзат санасының Ұлы мұраты болып қала берді. Пайғамбарлық дәрежеге көтерілмесе де, Гомер, Данте, Шекспир, тағы да басқа адамзат алыптарының қастерлі жазбалары Құдайдан үміті бар ыстық жүректердің бағыт-бағдарына шамасынша қызмет етті. Яғни, жұмақ туралы шырын қиялдың зұлымдықпен от пен судай отаспайтын ара қашықтығына ескерткіштер қойды. Дантенің «Құдіретті комедиясының» бірінші бөлімінде тозақтың тоғызыншы қабаты «Кайн жылғасы» (өз туысына қастандық жасағандар), «Антенор жылғасы» (отан саудалаушылар), «Птолемей жылғасы» (меймандарға жасырын қастандық жасағандар), «Иуда жылғасы» (шапағатшысына опасыздық жасағандар) деп бөлініп, оны ертедегі Рим ақыны Вергилийдің әруәғының көмегімен аралап шығатыны суреттеледі. Адам мінезінің опасыздыққа басқан тұстары ауыр-жеңілдігіне қарай тоғыз қабат тозақта тоғыз түрлі ышқынатыны тәубеңді есіңе түсіреді. Шығарманы оқып отырғаныңда жұмаққа барар жолдың (анығында адамша өмір сүрудің) қалтарысында бұғып жатқан адам нәпсісінің айуандығы анағұрлым айқындала түседі. Ескірмес ескерткіштер деп отырғанымыз сол ғой...
Өзімізге оралайықшы. Біз де «кештік ғұмырың болса, түстік мал жи» деп, екі дүниенің қызығын тең көруге талабымыз, талпынысымыз аса жоғары халықпыз. Әпенделігіміз де бар. Баяғыда ауылды жау шауып, бесін намазын өтеп жатқан сайлауыт азаматтар мылтығын алып, кермеде тұрған атқа жармасудың орнына сәждеден бастарын көтермей екпеттеген күйі қалыпты. Онысы «намаз үстінде өлсем жұмақтың төрі менікі, құлшылығыңды жасап жатып кеп қалдық. Ия, Құдай!» демекшісі көрінеді. Ашуға басқан ел ағасы тоңқаңдап жатқан жұртты қамшымен дыритып, әзер орындарынан тұруға көндіріпті. «Ел үшін шайқасып, шаһит кешсең сұраусыз барасың жұмаққа» деп біразымен саудаласқан да көрінеді. Абайдың жүрегі өртеніп, Хақ Тағаланы бақай қулықпен алдағысы келетін жұрттан өлердей жиренгені сол ғой. Жаратушысына сылтау айтып, міндетсінетін халықтан қандай дос табады жарықтық? «Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл» екенін айта-айта жағы суалған сол қарияны әлі тыңдамаған күйі ұлт қартайып барады...
Анда-санда радиоқабылдағыштың құлағын бұрап қалғанда Ақан серінің «Құлагері» Жәнібек Кәрменовтың орындауында боздай жөнелетіні бар.
«Жел болса қамыс басы майда-ау деймін,
Ат қостым ат айдаушы айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды-ау,
Жығылмаса құлагер қайда деймін. Әй, Бөрібай, әйдәй Бөрібай-әй... Жүректі солқылдатып, жанарыңа жас үйірілтетін осы әнді естіген сайын жазықсызды қан-қақсатқан, асқан қаттыгездікті өзің жасағандай көңіл-күйге берілетінің шындық. Серіні есіркегендей мінез танытатынымыз өтірік емес. Қазақ аспанында «шырылдаған сәбидей мазамызды алған» мұңлы мақамның жүректің тыныштығын қашыра беретіні де, бүкіл ұлт болып жауап беруге тұрарлық күнәнің талайын жасаған, жасап та жатқандығымыздан ба деп те ойлайсың кейде. Ондай ұятты адал перезентіміз Мұқағалиша сезінсек «ол да менің сорақы ағаттығым.
Кешегі Кеңестік заманның ізгілік туралы іліміне үңілгенде бүгінгідей «Аллаға ауызбен жол салған» догмалықтан анағұрлым биік ұлт руханиятының тұтастығы, имандылық тақырыбы бірден көзге шалынады. Ұлы классиктерді былай қойғанда, сол кезде ортанқол саналатын жазушы Зейтін Ақышты алайықшы. «Жаяу Муса» романы қандай көркем тілмен сұлулық жайлы сыр шертеді. Романда өліспей беріспейтін қарсыластарға айналған екі мырзаның (Шорманның Мұстафасы мен Жаяу Мұсаның) бастарының піспей кеткені жайында әңгіме өріледі. Ит көрмеген қорлықты көрсетіп, өзін ит жеккенге айдатқан Шорманның Мұстафасы қайтыс болды дегенді естігенде Жаяу күрсініп: «алысуға да, арпалысуға да тұратын, азуы алты қарыс арыстан еді. Иманы саламат болсын!» дегенді, жазушы өз ойынан жазсын яки естігенін жазса да кір түспеген кісіліктің кірпияз бейнесі оқырманды ойландырады. «Не деген еңіреген ерлер ей!» дейсің іштей. Далалық этикалық-эстетикалық өлшемнің бұндай үлгісі, көркем шеберлік ХХ ғасыр әдебиетінің өзекті тақырыбы болды. Пайғамбарымыздың хадисінен «тек қана жақсы сөйлеңдер» деген жолдарды ұшыратамыз. Бұндағы «жақсы Сөз» - қарақан бастың тілеуінен озбайтын жәй сөз емес, көркем сөз болса керек. Аға буын солай сөйлей алды. Мәселе бізде. Өмір сүрудің аразан қызыққа бет бұруының астарында да құлақтан азған құлықсыздығымыз жатуы әбден мүмкін. Сөзі көркем болмаған жанның, өмірі қара байыр. Сөз заттанады...
Шидәттің қолдан жасаған жұмағы секілді, әлем-жәлем өтірікпен бой көтерген, ізгі Сөзден жүген ұстаған қоғамның ақырзаманға ұшырайтынын елестетудің өзі қорқынышты. Қызыл сөздің қырманы қызып-ақ жатыр...
Ырысбек ДӘБЕЙ