$ 498.34  519.72  4.85

Қазақтың нөмірі бірінші мерекесі Наурыз болуы керек

Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деген мақаласында: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәде­ниет­ті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын», – деген пікір айтады. Шынында да мәдениетті болу деген Чеховша айтсақ, оң қолға пышақ, сол қолға шанышқы ұстап үйрену . Бірақ сол мәдениетті қазақ­тың нағыз қазақ болуы шынында да қиын. Осы проблема бүгін де біздің алдымызда тұр.

Расында «Қазақ болу деген не?» дегенде қазақ­тықтың мәні­сіне жету, тұңғиы­ғына бойлау, соны түй­сіну деген сөз. Ал қазіргі кезде біздің атымыз қазақ болғанымен, затымыз қазақ болмай тұр. Өйткені, қазақтың артында қалған бай рухани мұрасын, таным-түйсігін игеруге біздің күшіміз жетпей жатыр. Біз отар болған кезімізде түп тамырымыздан ажырап үлгердік. Енді қазығы­мызға қайта оралу бізге қиынға соғып отыр. Отаршылдықтың бізге тигізген ең басты зияны ұлтты өз-өзіне деген сенімінен айырды. Қазақтың ұлт ретінде, әлемдегі жеке бір ұлт ретінде өмір сүруге қабілеті барлығына күмән келтірілді . Енді сол сенімді қайтару үшін көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Бізге ең керегі де осы сенім. Ол үшін ең алдымен «Қазақ деген ең ұлы халық» деп ұрпақтың құлағына сіңіру керек. Бұл өзге ұлттарды кемсіту емес, әрине, халықтың өзін-өзі сақтап қалуы үшін айтылуы тиіс сөз. Түрік Респуб­ликасы құрылған кездегі Ататүріктің: «Түрік баласы, сен өзіңнің түрік екенді­гіңе мақтан, әлемде түріктен асқан халық жоқ, түрік тілінен асқан тіл жоқ» дегені баршаға белгілі. Сол секілді біздің билік басындағылар да ешкімге жалтақтамай, осындай сөз айтуы керек. Сол сөз қазақтықтың түбіне бойлауға белгі болады. Әйтпесе қазіргі жаһандану заманында өзге ұлттардың көлеңкесінде жұтылып кету қаупі тұр. Біз қарнымыздың тойғанына мәз болып, ұлттық ерекшеліктерден ажырап бара жатырмыз. Ал оны қайтару үшін жаңағыдай ұран, шақыру керек. Оны әдетте, ұлттың лидерлері жасайды. 
Бізде қазір «өзге этнос өкілдері не дейді?» деген жасқаншақтық бар. Бұл үркіп, қорғаншақтанып қалған дімкәс, кемшін сананың көріністері. Отаршыл­дықтың бас кезінде Абай: «Өзім­ді­кі дей алмай өз малыңды, түнде ұй­қың бұзылды, күндіз күлкің», – дейді. Бұл жерде қазақтың өзіне деген, өз мүлкіне деген сенімінен айырылғанын көрсе­тіп отыр. Біз отар болған ел екені­міз­ді ресми түрде әлі мойындаған жоқпыз. Әуелі соны мойындауымыз керек, мойындағаннан кейін жаңағы­дай сөз айтылуы тиіс. Сонда ғана біз қазақтық­қа ораламыз. Бұл ерте ме, кеш пе орындалатын шаруа, бірақ ертерек болғаны өзімізге жақсы. Отар болу деген рухани дімкәстікке ұшырау. Отар болған елдердің бәрі осыны бастан өткерген. Отарсыздану процесі бізде кешенді, ресми түрде жүрмей отырғандығын ашық айтуымыз керек. 

Құран-Кәрімде: «Бір-бірлеріңді тануларың үшін, сендерді ұлттар мен ұлыстар қылдық» делінген. Яғни, Алла-Тағаланың өзі бізді ұлт ретінде жаратып отыр. Сол себепті, біздің дүниені тануымыз өзгеше, ұлттық мейрамдарымыз да бөлек. Біз осы ұлттық дәстүр­леріміз бен мейрамдарымызды жадымызда ұстау арқылы ғана ұлт ретінде сақталып қала аламыз. Тамырымыз әлсіреген, іргетасымыз шайқалған ұлт болғандықтан өзге мәдениет пен танымды сіңіруде алдымызға жан салмайтынымыз жасырын емес. Сондық­тан ең әуелі осы ұлттық негіздерімізді мықтап алуымыз шарт. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың өзіне бұйырған төл мейрамы – Наурыз», – дейді. Біз сол наурызға әлі күнге баса назар аудармай отырмыз. Жаңа жыл деп Иса пайғамбардың (ғ.с.) туған күнін тойлау Кеңес кезеңінен қалып қойған. Сол мейрамнан әлі де ажырағымыз келмей отыр. Ал өзгелерге қазақтың сол ұйқыдағы, отар қалпында қала бергені тиімді, әрине. Бірақ олай қалдыруға болмайды. Қазақтың қазақ­тығын бекіту үшін сол наурызды ұлт­тың бірінші нөмірлі мейрамы ретін­де жариялауымыз керек. Сонда ғана қазақтықтың тамырына қан жүгіре бастайды. Егер басшылар мұны орындамаса зиялы қауым талап етсін. Өйт­кені, халықты ұлт ретінде ұйысты­ра­тын – зиялы қауым. 

 

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ, 
абайтанушы 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары