Бір нәрсенің мағынасын ашу үшін оны келесі бір нәрсемен салыстырған жөн. Жапалақты сұңқардан, жабыны тұлпардан ажырату үшін міндетті түрде олардың дәл мағынасын түсінуіміз керек.
Әдебиет – ұлт руханиятының барометрі. Кез келген әдебиеттің жеткен жетістігіне байланысты, сол ұлттың ахуалын байқауға болады. Яғни, әдебиет – ұлт руханиятының айнасы. Мәселен ХV ғасырда Қазтуған өзі туралы: «Буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы», – десе, Шалкиiз: «Мұз үстіне от жаққан, Бұзбай бұлан пісірген», – дейді. Бұл дәстүр одан әрі: «Мен, мен едім, мен едім...», – дейтін Махамбетпен ұштасады. Жыраулық дәстүр, өр рух осылай сабақтастық табады. Ал, бұларды дәл осылайша кесек, аспан қанат асқақ сөйлетіп отырған қандай рух десек, оның жауабы – еркіндік, азат сана, асау жүрек. Тек азат санасы мен асау жүрегі бар адам ғана осындай шалқақ, осындай тік, осындай жақпар сөйлей алады. Ал бүгінгі әдебиет қандай? Бүгінгі әдебиетте осы тақылеттес үрдіс, асқақ рух бар ма? Біз елшілміз бе, отаншылмыз ба, көпшілміз бе? Жоқ болса, бұл қасиеттердің барлығы қайда кетті? Адам асқақ болуы үшін, оның санасы еркін болуы тиіс. Ал бүгін біз еркінбіз бе? Еркін болсақ, жағымпаздық, жандайшаптықтар қайдан шығып жатыр? Әрине кіріптарлықтан. Осындай шалқақ әдебиет кейін ХХ ғасырдың ортасында қандай күйге түсті? Партия, Ленин, Компартия деп жырлаған дүниелер қаптады. Кешегі әдебиеттен бірде-бір жағымпазданған, бас иген сөзді таба алмайтын едік. Енді, жағдай бұлай өзгерді. Біздің қазақ руханиятының әлсіреуі осыдан етек ала бастады деп ашық айтуымызға болады. Қазіргі әдебиеттегі аға буынның ішінде Ленинді, комсомолды, кеңестік жүйені жырламаған адам бар ма? Болса, ілуде біреу ғана шығар. Демек, қаймана қазақтың құлдық психология қамытын киюіне жазушылар мен ақындардың тигізген үлесі зор екенін айтуымыз керек. Анығында, кешегі әдебиет Кеңес өкіметінің насихатшысы болды. Құлдық психологияны сіңіруге, стандартты санаға көшуге мәжбүр етудің механизмін жүргізу ақын-жазушылардың еншісіне тиді. Бүгінгі мүйізі қарағайдай аға буынның әсірешілдігі, қазақ ұлтының болашағына сенбегені сондай, бәрі жаппай балаларын орыс мектептерінде оқытып, орысша тәрбие берді. Олардың сексен пайызының баласы бүгінде қазақ тілінен мақұрым екені сөзімізге дәлел. Сонда ұрпаққа жаны ашымаған, ұлт тағдырын ойламаған, ана тілін ұлттық мінберге қондыра алмаған аға буын ұлтқа қалай жаны ашиды? Жаман д ерт жұқпалы келеді. Бұл азаттықтан кейін келген буынға өз әсерін тигізді. Билік бұған дейінгі әдебиетке үн сұрайтын, ыңғай жылап жүретін қоғамның масыл балалары деген стереотиппен қарады. Шынында да мұндай элементтер болды. Ал арғы қазақ танымында, сөз өнерінде ақын деген мүлде ол емес еді. Өлең де басқа болатын. Қазіргідей өлең деген біреуді мақтап, біреуді даттау десек, біз қатты қателесеміз. Өлеңнің аспектісі мүлде бөлек. Бүгінгі біздің әдебиет біреуді мақтап, біреуді даттаудан ғана тұратын политикалық журналистикаға айналды. Ал негізінен әдебиетке қойылатын нақты шарт табан асты болып қалды. Неліктен бұлай болды дегенге қазақ руханиятының қарашығы – Абай хакім: «Терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс жұрттың бәрі аларман ...» деп жауап беріп қойыпты. Аларман деп тұрғаны бүгінгі жағымпаздық, жандайшаптық, кіріптарлық. Яғни, бұл мінездер «терін сатпай телміріп көзін сатудан» келетінін айтып отыр. Ал, бұрынғы ақын материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да ешуақытта ешкімге кіріптар емес еді. Қазақ о бастан «есігің еңкіш болса, еңкейіп өтпе, шалқайып өт» дейтін халық болатын.
Бүгінде біздің бүкіл өнердегі, әдебиеттегі азаматтарымыз жұртты ағартудың емес, саясаттың артында жүр. Оның ар жағында темір мен терсек, атақ пен даңқ, баспана, т.б. жағдайлары тұрғаны анық. Жас пен жасамысқа дейінгі аралықтағы ахуал осы. Мемлекеттік ауқымдағы сыйлықты алған адамның мүшәйраға қатысуы, мүшәйра десе, бүкілінің жаппай өре түрегелетіні біздің бүгінгі жағдайымыздың қандай екенін көрсетеді. Шынында да материалдық жағдайымыздың өте әлсіз екенін, біреуге кіріптар екенімізді, өмірді өлеңге айырбастап, өлеңді дүниеге сатқанымызды анық аңғартатын жай осы. Ал, шындығында өлеңге қойылатын талап ол емес еді. Бүгін бізде асқақ сөйлейтін, елшіл, ұлтшыл, санасы азат тамырының ағысы қазақ деп соғатын ақын көп емес. Егер біз қазақ руханиятын бір бәйтеректің діңі деп қарайтын болсақ, әдебиет, ән мен күй оның бір-бір бұтақтары. Қазіргі көше әндерінің жалпы көпшіліктің әніне айналуы, былдыр-шатпақтың әдебиет аталуы– бізді жақсылыққа жеткізе қоймас. Біз әдебиеттегі емеурін, тұспал, астар деген дүниелерден, яғни ұлттық генетиканың жаралымынан, оның бүкіл болмысынан алыстап бара жатырмыз. Ал, әдебиеттегі ең мықты өлең деп жүргеніміз керісінше, ұлт дүниетанымының тақылетіне келмейтін «Құдайды көріп едім түсімде» секілді былдыр-шатпақ. Және жүлде де солардікі. Ал, қуын сұңқылдатып, жусанын бұрқыратып таза қазақи генетикада жазатын ақын-жазушы аз. Әлемдік арена, өркениет деп ақталатындар бар, өз ұлтыңның бүкіл элементін түгел білмей, өзгені сыйдыру мүмкін емес қой. Өзіңді сүйгеннен кейін ғана өзге сені сүйеді.
Біз қазір жағымпаздық пен жақсы көруді шатастырып алдық. Біреуге біреуді кіріптар ғып тұрған нәрсе – баяғы ақша. Былайша айтқанда, құлдық сана. Ақын-жазушылардың ашып ешнәрсе айта алмайтын себебі – санасы да, материалдық тұрмысы да азат емес. «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» дейтін адам жоқ осы күні. Өйткені, бір күндік креслоға байланып, тәттірек жем жеген сайын тәттірек сөз айтуға бәрінің еті үйреніп кеткен. Ал азат өлең мен азат ой азат санадан ғана шығады, мүгедек санадан мүгедек сөз шығады. Біздің бүгінгі санамыз мүгедек. Негізінде ақынның санасы, әсіресе, әдебиеттің ахуалы ешкімге кіріптар болмауы керек еді. Азат сөйлеу – мемлекетке қарсы шығу емес, мүлде басқа нәрсе. Кешегі мен бүгінгі әдеби ахуалдың айырмашылығы осында деп ойлаймын. Қазақтың әдеби кеңістігінде осындай дүниелер жүріп жатыр. Ал бұл драманың аяғы қалай аяқталатыны туралы ештеңе айта алмайсың.
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ