$ 498.34  519.72  4.85

Абайдың ашуы

Ұлттың жоқшысы болған «Қазақ» газетін ақтарып отырып, Міржақып Дулатовтың Хазірет Сұлтан кесенесі туралы жазған мақаласы «ұйықтаған ойды түрткендей» сезім кештірді. «Көне қазан» мен «жаңа қазанның» (елу жылда – ел, жүз жылда – қазан жаңа) ернеуіне қатқан қақты жуып кетіретін ұлттың ішкі мәдениеті (иманы) туралы ойламайын десең де, ойландырады екен. «Қазақтар Хазірет Сұлтанның кесенесін жөндейміз деп елден жиған мал мен ақшаны қылғытып қойыпты». Аруақты сыйламаған елдің тірлігінен көңілі қалған Міржақыптың жүз жылдан кейінгі балалары – біз: «Бүгін кімбіз?» деп өзімізге-өзіміз үңілуге қақымыз бар шығар. Бірақ, айдың, күннің аманында қолды боп кеткен он миллиард долларға жарымаған жалақыдан ұсталатын бәжі-салық пен қуықтай бөлменің ай сайын үстемелеп келетін коммуналдық төлемақысы арқылы «бақа сисе көлге септей» үлесі бар бізді кім тыңдасын? Тым құрығанда «ешкінің сақалына қатқан мұздай» атақ-абыройың болса, бірсәрі. Әйтпесе, «мен де бір – жасын түскен терек те бір». Атаққа қарай іс қылып, дәрежеге қарай сөз тыңдайтын жүміле жұрт емеспіз бе?..

Кішкентай сөз айту үшін де (біздің түсінік бойынша) бірмұнша жұртты «қыраудан кешкен жылқыдай» атақ-абыроймен «састыратын» дәреже керек-ақ. «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері», болмаса «пәленбай сыйлықтың лауреаты». Түк жоқ дегенде күніне эфирден бір-екі жылтыңдап тұрмасаң, тамададай татымың болсын ба?! «Бес қаруың» сай болса, «сөйлеймін десең, өзің біл». Құдай бермегенді адамнан алғанның борышы көп, тілемсектік жолға түсіретінін ескеру қайда? Ал кеп дәлелдейсің «данышпандығыңды». Сандуғаштай сайрайсың. Газеттің табақтай беттерінде «ұлы еңбектерің» жөнінде заказбен мақала жаздырып, кеудеңе салбыратып орден тағуға тура келеді. Радио мен теледидардан түспе. Сонда барып «кісі болар баланың кісесі белгілі». Өтірік мақтау мен қолпаштау – Құдайға сенгендей қуыс кеудеңді қос жұдырығыңмен төмпештетеді-ай келіп. Сойыл ұстағандардың «иманын сатып, бөз алмағандарға» ойнатқан әңгіртаяғын шын мінез санаған соң, сөз ұстағандардың «ескі бише бос мақалдағанын» «кемел адам» көрмеске ләж де жоқ. Ал ол «бағындырған биік» ұлт ұстазының алдында да ештеңеден ықпайтын...

Осы деректі шалекеңнен естідік. Ол кісі бұ хикаяны марқұм Асқар Татанайұлының жазбаларынан оқығанын айтады. Қысқасы, әңгіме былай. Арғы бетті жайлаған Бұтабай болыс қажыға баратын сапарында Қоңыз деген азаматты шақырып алып, қажы сапарына бірге баруға қолқа салады. Қоңыз қаржысының жоғын айтқанда Бұтабай болыс: «Менің сомам жетеді. Маған жиналған сома бүкіл Байжігіттен құралған, екеумізге ортақ», – деп ертіп алады. Ол кезде қажыға бару үшін Мәскеуге хат жолдап, солардың рұхсатымен аттанады екен. Осы шаруаны бітіру үшін Бұтабай болысқа ілескен Байжігіт қажышылары Семейге келіп, Құнанбай қажыға сәлем беріп, сапардың жол-жоралғысын, қажылықтың парызы мен қарызын ұғысады. Қонақ болып жатқан Бұтабай болыс орыстың заң-зәкүнін жетік меңгерген Абайға Мәскеуге жолдама жаздырып алу үшін арнайы барып жолығады. Абай әкесінің қасында танысқан Байжігіт ақсақалдарына төсек үстінде кітап оқып жатып, самарқау амандасса керек. Сонда тілді-жақты Қоңыз: «Бұтаке, бұл мұсылман десем сәлемі жоқ, орыс десем әдебі жоқ. Соншалықты жалбырақтап жатқаның кім?», – деп тиісе сөйлейді. «Құнекеңнің Абайы емес пе?! Әкесінің қасында Құнекеңнің Абайымен амандастым, өз үйінде Ибраһимның өзімен таныспаймын ба», – дейді Бұтабай болыс. Қоңыз тағы қыжырта: «Тәйір-ай, Арғынның ақ тобық атының бәйгесіне келген Тобықтының Құнанбайының ұлына сонша жалбырақтайтындай несі бар?», – дейді. Абай аспай-саспай: «Қоңыз мырза, ойың ұшқыр, тілің өткір екен. Тынысың кең болғай. Тарихқа тап бергенде менің де айтарым бар айтсам. Жақсылардың алдында жағадан алысып қайтеміз? Алда талай жерді аралайсың, көп жұртты көресің. Әр түрлі ұлтпен танысасың. Олардың алдында сөзден ұтылмассың. Бірақ Қоңыз деген атың ұлттың атына емес, жердің құртына қойылады. Мен жолдамахатқа «Құрман» деп жазайын, қайта келгенде «Құрман қажы» атан», – дейді...

Қоңызға сонша тіл бітірген, өзіне өте сенімді сөйлеткен қандай күш екен? Әй, ол жарықтықты да «шешенсің, көсемсің» деген жұрттың сөзі, таңған атағы құртқан ғой. Абай философиясының ұлылығы да осы – «сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап». Бұл құбылысты біздің қабылдауымыз тіптен қызық. «Ойбай, Абайға сөйткен бе? Қоңыздың жүрегінің түгі бар екен» дегендей. Өзіміз өмір сүрген қоғамның өкініші мен өксігін саралағаннан, өткен шаққа кіжініп қарағанның оңай жері осы. Тым ақылды бола саласың. «Жел сөзді сізден аяп» жатпайтын жалпақшешейліктің «жақсылығын» көрген соң, ауызды аяймыз ба? Баяғы өзгермеген «қазақы» өмір миымызға кіріп-шықпайды. Кімнің кімге не айтқанын, кімнің кім болғанын уақыт өзі таразылар. Заман озғанда тұлғатанудан бағы жанбаған тайқы маңдайымыздағы айқыш-ұйқыш әжім – «Абайды сабадық, сөзбен қағыттық. Біржанды арбаға байладық, Ақан серіні сенделттік» деп тебіреніп айтатын «ұлттық өкінішімізбен» қатпарын қалыңдата береді-ау. Қандай қызмет қылып, соған жарай бағасын алсақ та асып-тасып, аптығатын не жөніміз бар? Әкенің (ұлттың) алдындағы қарызымыздың қабырғасын да жаппайтын «күдірейген жал» – әлмисақтың бір нүктесіне де татымас...

Ырысбек ДӘБЕЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары