$ 494.87  520.65  4.91

Проблемалық ипотека: ақша бар, ақша жоқ?

Біздің жер аумағы өте үлкен, табиғи байлығы да өте-өте көп... алайда тұрғын саны өте-өте аздау болып саналатын тәуелсіз елімізде ең-ең... басты-басты проблемалардың бірі әлбетте, баспана мәселесі.

«Үйі жоқтың әлбетте, күйі жоқ» демей ме, содан болар, кеше Астанадағы Сулы-жасыл бульварға ОНЖ (оставим народу жилье) қоғамдық ұйымының проблемалық несие салымшылары таңертеңгі сағат он бірге қарай аяқ астынан жинала-жинала қалды. Бір қызығы – олар қолдарына әдеттегідей түрлі де түрлі ұрандар мен талаптар жазылған қызылды-жасылды транспаранттар мен плакаттар ұстамапты. Қоғамдық тәртіпті бұзуды қаламаған, қысқасын айтқанда.

Әйтсе де олар аннан-мұннан жинала қалған ақпарат құралдарының өкілдеріне өздерінің еліміздің әр аймағынан Мемлекет басшысына жолығу үшін «ат арытып» арнайы келгендіктерін мәлімдеді. Айтуларынша, 2008-2009-шы жылдары мыңдаған қазақстандықтар ипотекалық несиелерін төлей алмаған, сондықтан бірқатар банктер оларды пәтерлерінен шығарып жатқанға ұқсайды. Осыған орай олардың бұл жолғы үміттері – жақында ғана мемлекеттің проблемалық ипотекалары барлардың қарызын біржақты жауып беру үшін бюджеттен бөлінген 130 миллиард теңгеге қатысты шешімінде екен. Алдын-ала есептеулерге қарағанда, аталмыш жаңа бағдарлама 25 мыңға жуық тұрғынның ипотекалық проблемаларын жабуға жететін көрінеді, алайда ОНЖ төрағасы Есенбек ӨКТЕШБАЕВтың айтуына қарағанда, бөлініп отырған миллиардтар көздеген мақсаттарға жұмсалмауы мүмкін. «Аяқ астынан жиырма мыңға жуық мүгедек пен онкологиялық ауруға ұшырағандар қайдан пайда бола қалды – мәселенің осы жері бізге өте-мөте түсініксіз, – деді ол журналистер қауымына, – сондықтан біз белгіленіп отырған жиырма бес мыңға жуық адамның толық тізімін көрсетуді талап етеміз. Бізге көрсетіңіздер дейміз осы тізімді, алайда банк басшылығы осынау қарапайым ғана талабымызды «құпия құжаттарға» айналдырып отыр...»

Обалы не керек, ОНЖ белсенділерінің талаптары көкейге қонатын сияқты. Әбден қонатын сияқты, өйткені жасырын емес – бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының көп жағдайларда «бармақ басты, көз қысты» тірлікпен талан-таражға салынып кететіні. Белсенділердің басқосуы бұл жолы көпке созылған жоқ, өйткені түске қарай белсенділер алдына екі «бітімгер» келді – прокуратура мен Ұлттық банк өкілі. «Біз қоғамдық ұйымдармен көптен бері тығыз жұмыс істесіп келеміз, – деді өз сөзінде Ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаментінің директоры Александр ТЕРЕНТЬЕВ мырза,– жақында ғана біз Ұлттық банк басшылығының тапсырмасымен еліміздегі ипотекалық несие берумен қызмет жасайтын банктерге өтініш жасадық – салымшылары қарызға батқан жылдардың сыйақысы мен пайыздық мөлшерлерін айналымнан алып тастау туралы. Дәлірегін айтқанда, сіздердің суммарлық қарыздарыңыз елу пайызға дейін төмендейтін болады. Бұдан басқа, сіздерге жиырма жылға дейінгі уақыт шамасында жеңілдіктер де беріледі... ал сіздердің банктермен екіарадағы түсініспеушіліктеріңізге қатысты шығарылған сот шешімдері өзара бейбіт келісім-шарттар арқылы күшін жоятын болады...»

Жақсы жауап па? Әлбетте жақсы жауап.

Осылай деді де, «бітімгерлерді» бастаған банкир Терентьев бульварға жиналғандарды Ұлттық банктің астаналық филиалына келіссөзге шақырды. Алайда неге екені белгісіз, көңілге қона қалайын деп тұрған осындай жап-жақсы ұсыныстан бас тартқан ОНЖ өкілдері кешке дейін аталмыш бульвар ішінде әрі-бері «қыдырыстап» жүрді де қойды. Қысқа қайырып айтқанда, баспана мәселесімен «бастары қатқан» белсенділердің бұл жолғы келіс-ұсыныстары журналистерге де, оларға бітімгершілікпен келген банк өкілдеріне де түсініксіз болып қалды.

Ал осы кезде...

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат ҚҰСАЙЫНОВ мырза отандық автокөлік пен тікұшақ, сондай-ақ жолаушылар вагондарын өндірушілерге Ұлттық қордан 35 миллиард теңге ақшаның көмек ретінде бөлінетінін ресми түрде мәлімдеді. «Дағдарысқа қарсы іс-шаралар шеңберінде отандық машина жасау кәсіпорындарына бөлініп отырған 35 миллиард теңгенің 20 миллиарды автокөлік өндірушілерге, 10 миллиарды тікұшақ өндірушілерге, ал 5 миллиарды жолаушылар вагондарын өндірушілерге тиесілі болмақ, – деді ол, – мұндай жағдайда әлбетте, отандық өнімдеріміз шетелдік өнімдерді өз рыногімізден ығыстырып шығаруға тиісті...»

Вице-министрдің мәлімдемелеріне қарағанда, Ұлттық қордан еліміздің басқа да салаларына миллиардтаған теңгелер қосымша көмек ретінде бөлінбек. Жөн-ақ! Әйтсе де миллиардтаған сомалардың бұған дейін де миллиардтап-миллиардтап бөлініп келгенін еске түсіретін болсақ, қаржы шіркіннің қайда кетіп жатқанына байланысты берілетін жауап «қақпағын» «ішің білсін әлу-ай!» деп жауып қоя салуға әбден болатын шығар?!Әрине әбден болады, өйткені зәулім-зәулім коттедждер болып бой түзеп, қымбат-қымбат көліктер болып көшеге шығып жатқан МЕМЛЕКЕТ АҚШАсы қарапайым салық төлеушілердің қалтасынан шығып жатыр емес пе?! Сонда бізде ақша бар ма өзі? Тағы да «ӘРИНЕ» дейміз, өйткені бізде ақша бар... өйткені бізде ақша ЖОҚ?! Қалай түсінсеңіз, олай түсініңіз!

Марат Мадалимов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары