$ 449.58  486.94  4.86

Министр Мамытбеков: «Ақбас – алға бас...»

Батыс елдеріндегі сияқты емес, қазақ елінде қазақстандықтардың дастарханын көз алдыңа етсіз елестету мүмкін емес. Содан ба екен, басқа министрлерге қарағанда Ауыл шаруашылығы министрін қазақстандықтар көбірек мазалайды.

Қазақстандықтар болғанда да... көбірек мазалайтындар көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Обалы не керек, біздегі бұл саланың министрі Асылжан Мамытбеков мырза екі күннің бірінде халық күңкілі мен журналистер жебесіне жиі ілініп-ақ жатады. Мойындауымыз керек, әл-әзір «шелектеп құйған жаңбыр» арасынан құп-құрақ болып... аман-есен өтіп келе жатқан министрлеріміздің бірегейі де осы кісі. Ал енді бүгінгі әңгіме «әлқиссасы» былай:

Біздің елімізде не көп – қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтар көп. Көп болғаны дұрыс әрине. Осындай «көптердің» қатарына соңғы жылдары ПАЛАТА дегендер де «бір бүйірлеп» кеп қосылды. Атауы әйдік, ал атқаратын тірлігі көбінесе көпшілікке беймағұлым. Осындай палаталардың бірі – қазақтың Ақбас тұқымды ірі қарасының Республикалық палатасы деп аталады. Күлсеңіз де, күлмесеңіз де өзіңіз білесіз, құрметті оқырман, ал бірақ шындықтың аты – шындық. Кеше ғана осынау палата мүшелерінің жалпы жиналысы болып өтті. Жиналыстың өзі мал жарықтыққа қатысты болған соң бұл жиналысқа әлбетте, еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков те қатысты. Жәй ғана қатысқан жоқ, «...қайдан шыққанын білмеймін, біздің ішкі рыногімізді импорт еттер жаулап алыпты деген әңгімелер айтылып жатыр, – деп нақ-нақ мәлімдеме жасады, – ашығын айту керек, бізде алыс-жақын шет елдерден тасымалданып жатқан мал еті жоқ, мұны дұрыс түсініңіздер. Бірақ рас, импортталған азын-аулақ еттер бар, алайда бұлар ет күйінде сатылмайды, бұлар – әртүрлі консервілер мен шұжықтар жасауға арналған. Ал шұжық дегеніміз ет емес қой...»

Ал керек болса! Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылайша жап-жаңа жаңалық ашты. Шұжық дегеніміз ет емес екен. Шұжық еттен жасалмайды екен. Ал ол сонда неден жасалады? Мұны біз біле алмадық - мұны басқосуға қатысып отырған мал саласының мамандары да біле алмады. Министрдің айтуына қарағанда, сондай-ақ, біздің елімізде ет дегеніңіз шамадан тыс көбейіп кеткен көрінеді, сондықтан да «артық еттерімізді» экспорттап жатқан көрінеміз. Мәселен, біздің бір компаниямыз (компания атауын министр ашып айтпады)мәскеулік бір кәсіпорынмен келісім-шарт жасасыпты – жақында ғана. Сол келісім-шарт бойынша осынау компания ай сайын тұп-тура бір мың тонна етті экспортқа шығарып жатқан көрінеді. «Бұл дегеніңіз – бір жылда он екі мың тонна ет деген сөз, – деді министр, – осыдан үш жыл бұрынғы 130 мың бас шамасындағыірі қара малымыз бүгінгі күні 217 мың басқа жетті...»

Ойпырмай, ә! Екі жылдың ішінде «пәшти» екі есеге дейін өсіп кеткен біздегі мал басы осыншама көп болса, онда неге «консервілер мен сосискаларды» (министрдің өз сөзі) импортталған еттерден жасап, тұтынушыларымызды «жарылқап» жүрміз? Мәселенің осы жері онша-мұнша миға қона қоймайды. Миға қона қоймайтын мұндай мәселелерді... министр мырза да тарқатып айтып бере алмады – аталмыш басқосуда. Әйтсе де осынау басқосудағы біздің және бір таң қалғанымыз –Палата жиналысы... қазекеңнің ірі қара малына арналып шығарылған «АҚБАС – АЛҒА БАС!» деп аталатын жап-жаңа әнмен аяқталды. Басқосудың бір ұтқан жері де осы болды. Біздің ойымызша.

Марат Мадалимов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары