$ 494.87  520.65  4.91

Жеріміз – әрі бағымыз, әрі сорымыз

Аз күн бұрын біраз сайттар «Сабина Алтынбекованың сұлулығына күмән келтірілді» деп жылт етпе жаңалық жасап, бір желпініп алды. Былай қарағанға бетке ұстарымыз деп жүрген қарындасымыз кімнің сонша тақиясына тар келді екен деген бұзық ой да келетіні ақиқат. Дегенмен, бұл ойдың авторы мәселені  тереңнен танып отырғаны аңғарылады.

«Қазақ қызы «құрбандық» болмаса екен» деп аталатын мақаласында (http://www.namys.kz/?p=27797) белгілі ұстаз Тоғайбай Нұрмұратұлы: «Біздің Сәбина дейтін спортшы қызымызды қытайлықтар қолы-аяққа  тұрғызбай мақтау үстінде. Неге олай?! Қазақта Сәбинадан өткен керемет сұлулар да жетерлік. Бұл жерде Сәбинаның сұлулығы әңгіме емес қытай мемлекетінің қырық миллион еркектеріне қазақтан қатын тауып беру саясаты бүркемелініп жатыр» дейді. Дәл айтылған. Бұл ретте осыдан аттай  он үш жыл бұрынғы «Қара қытай қаптаса» атты мақаламнан үзінді келтіре кетейін. Онда:«Дәл қазір онда 1,5 млрд.-қа жуық халық тұрады. ХХІ ғасырда Қытай еркектер еліне айналады деген болжам бар. Олай дейтініз - оларда жалғыз-ақ балаға ғана рұқсат етілгендіктен әр жанұя ер баланың шаңыраққа ие болып, ұрпақты, династияны, жанұялық дәстүрді  жалғастырғанын қалайды. ... Ал үй иесі жалғыз ұл отау құрар кезі келгенде әйел жынысының тапшылығына тап болады, яғни үйлене қояр қыз жоқ (бәсекелес көп) болып шығады. Сол себепті де, қай жерге болса да олардың тасқындай ағылуы Ресей мен Канададан кейін 3-орын алса да, жердің жетпеуімен ғана емес, «келіннің»’ жетпеуімен де түсіндіріледі» («ЖАС АЛАШ» газеті, 30 наурыз, 2002 жыл. № 38).

Тағы бір жерінде: «Олар шынымен бірі біріне ғашық болуы да әбден мүмкін.

Сондай-ақ, қытайдың әдемі қыздарын (миллионнан бірі ғана) сирек көретін болсақ, қазақтың он қызының біреуі сұлу, қалғаны әдемі, 1-2-уі ғана еркекшора болуы мүмкін. Демек, киімінің ең алдымен иығы тозатын қытай жігіт ана жақта түсінде көретін сұлуларды мына жақты өңінде «тегін» көрген соң сезімі ойнап кетуі де мүмкін» − дегеніміз бар еді.

Әлбетте, Сабина қарындасымыздың сұлулығына шәк келтірмейміз, әйтсе де Қытай осыны, яғни біздің қыздарымыздың сұлулығын өзімізге қарсы қару ретінде қолданбақшы.

Бір кездері Қазақстанға келіп бизнес бастаушыларға арнап қытай елі өз азаматтарына пайызсыз несие берді. Бұл –қызықтырудың экономикалық тетігі. Осыншама үлкен жерде бір ғана Шанхай халқының санындай ғана  халықтың  тұруы, олар үшін «әділетсіздік» болып көрінеді. Сондықтан, көршіміз қазақ еліне қарай келетін нөпірді тоқтатпауға, керісінше үдетуге мүдделі. Ол үшін әр түрлі зымиян саясатты қолдануға бар. Бұрын экономикалық тетіктерді қосса, енді эмоционалдық-моральдық тетікті іске қосыпты.  Тағы да сол он үш жыл бұрынғы мақаламызда былай деп көсіліп едік: «Олардың жаппай келіп жаппай үйленуінің өзі соғыстан да қауіпті...Олардағы бойдақтардың 1 % -ы ғана келетін болса, оның өзі 15 млн. адам, демек бір Қазақстан. Олардың өсімі де бұл күйінде қалып қоймайтынын, келу толқыны тоқтамайтынын, бүгін 1 % -ы, ертең тағы да 1 % -ы келетінін, арғы күні... жиендеріміз бен өз ұрпақтарымыздың көзі қысылып кететінін білген абзал. Тарихты ақтарып қарасаңыз да, Ханьдардың (Синьдердің) өз ұрпақтары мен жиендері арқылы зымиян саясаттың арқасында талай Империялардың түбіне жеткен аждаһа ел  екендігін көресіз» («ЖАС АЛАШ» газеті, 30 наурыз, 2002 жыл. № 38).

Біз бір кездері оларға өзіміз даңғыл жол салып бергенбіз.  1991 жылы  «Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы» Заңы қабылданып, ҚР аумағында 10 жыл тұрақты тұрғаннан кейін ҚР азаматтығы берілетіндігі туралы айтылған болатын. Бірақ, 1995 жылы Президенттің заң күші бар жарлығымен өзгерістер енгізіледі де, 10 жылдық мерзім 5 жылға түседі. Ол ол ма? Қазақстан азаматы болып табылатын қыздарға үйленгендерге бірден ҚР азаматтығы берілетін. Абұйыр болғанда ол заңға 2011 жылы өзгеріс енгізіліп, үйленген соң үш жыл тұрақты тұрған соң ғана азаматтық берілетін ереже енгізілді. Ал 1991-2011 жыл аралығындағы 20 жыл бойы қазақ қыздарына үйленіп азаматтық алғандар, сіз бен бізге тең дәрежелі Қазақстан азаматы атанып жүр.

Жоғарыдағы келтірген мақалада Т.Нұрмұратұлы: «Азияда тайлық қыздар керемет сұлу» деген аңыз тарады. Өткен мың жылдықтарда Азияны дүр сілкіндірген батыр да жаужүрек тайлықтардың ұрпағы  еркегі маскүнем, гомик, қыздары лесбианка, жезөкшелерге айналды. Америка, Еуропа еркегі тай қыздарын елдеріне апарып ойнас етті. Оларды «сүйікті жарым» деп ертіп жүрмеді, үйінде малай ретінде ұстады. Той –томалаққа өз ұлтының қыздарын ертіп апарды...

Шын ойларын жасырып «Қазақстанға жұмыс іздеп» келдім» деген басқа ұлттың еркектері; қытайлықтар жылмиып, еуропалықтар паңданып, орыстар мүләйімсіп, өзбектер иіліп, қазақ қыз-келіншектерінің жатса жастығы, тоңса көрпесі болып, қыз ба, әйел ме қарамайды. Өздерін сондай «мейірімді, қайырымды етіп көрсетіп, «сіз» деп сызылып, мейрам сайын гүл беріп, сыйлық әперіп бәйек болып, кірін жуып, үсті-басын жалап отырады. Жүрегі жұмсақ әйел заты: «Қазақтың еркектерінен мынау артық қой, еркек болғасын бәрібір емес пе» деген топас түсінік бойын жайлап, күйеуі бары ажырасып, жігіті бары жігітін тастап, байы жоқтар құлай сүйіп естерінен танып қалады. Әрине, бәрі емес біразы», - деп шыр-пыр болады.

Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Шындық айтса, ер тоқымды бауырға алып тулау үйреншікті тірлігімізге айналды. Бүгін дәл солай болмаса да қытайдан бұдан да зор тосын сыйлық күтуімізге әбден болады. Әлемде 9 – орын алатын бай, көркем, кең, ғажап жеріміз әрі бағымыз, әрі сорымыз екенін ұмтыпайық. Сол себепті, әр қазақ өз қызына, қарындасына ие болса екен, ал Сыртқы істер министрлігі миграцияны белгілі бір мөлшерден асырмаса екен деп тілейміз. Олардың жүзден бірі келсе, біз жұтылып кетеміз.

Қарақұрым көршіміз бұдан өзге де талай-талай құйтырқы амалдар ойластырып қойғаны кәдік, далақтап жүріп қақпанына топ ете қалмайық. Ол аталардың аманатын ақтамағанымыз болар.

Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары