$ 514.65  544.6  5.17

ІІМ Қарағандыдағы оқиғаның «себебін» түсіндірді

Қарағандыда кісі өліміне әкеліп соқтырған жаппай төбелеске қатысты деген күдіктілер арасында Қазақстан мен Армения азаматтары бар. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұл туралы 8 қаңтар күні Астанада өткен брифингте ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлімдеді деп жазады Азаттық.

Оның сөзінше, төбелеске барлығы 14 адам - «Древний Рим» мейрамханасының тоғыз қызметкері мен клиенттері қатысқан. Пышақ жарақатынан қаза тапқан 23 жастағы ер адам мейрамханаға кикілжің шыққан кезде серігінің шақыруымен барған.

Жанат Сүлейменовтің айтуынша, кикілжің 1 қаңтарға қараған түні сағат 4 шамасында мейрамхана қызметкерлері киленттерге «мейрамхана жабылатынын ескертіп, тарауды сұрағаннан кейін» шыққан. Кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Төбелес болғанын полицияға сағат 4:40 шамасында мейрамхана қызметкерлерінің бірі хабарлаған.

Төбелес кезінде бір адам өліп, төрт адам пышақтан жараланған. Олардың екеуі ауруханаға түскен. Қазір сот санкциясымен сегіз адам қамауға алынған.

Бұған дейін Қарағанды облыстық полициясы кісі өліміне күдікті деп ұсталған үш адамның және іздеу жарияланған Нарек Гуруряннің суретін жариялаған.

Жанат Сүлейменов сонымен қатар тергеушілер іздеу жарияланған күдіктінің 1 қаңтар күні сағат 22-ден кейін Павлодар облысындағы шекара бекеті арқылы Ресей шекарасынан өтіп кеткенін анықтағанын хабарлады. Сүлейменов Ішкі істер министрлігі оқиға туралы неге бірден түсінік бермеді деген сауалға «тергеу амалдарына біраз уақыт қажет болды» деп жауап берді. Ол жанжалдың ұлтаралық сипаты барын жоққа шығарды.

«Жанжал тұрмыстық сипатта өрбіген. Бір тарапта бір ғана ұлттың, екінші тарапта өзге бір ұлттың ғана өкілдері төбелесті деген жағдай болған жоқ. Біз тергеу кезінде бұл туралы айтқан жоқпыз, себебі барлығын анықтап алғымыз келді. Тергеу әлі жүргізіліп жатқандықтан, егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймыз» деді Сүлейменов.

6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам «қылмыскерді» табуды талап еткен. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.

Қарағандыдағы оқиғаға қатысты Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян мен осы елдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған.

Бірер күн бұрын интернетте өзін «Нарек Гурурян» деп таныстырған ер адамның видеоүндеуі жарияланған. Видеодағы ер адам «төбелеске қатысқанын, бірақ ешкімді өлтірмегенін» мәлімдейді. Ол «eгер қауіпсіздік пен ашық тергеуге кепілдік берілсе, Қазақстан билігіне берілуге дайын» екенін айтады.

«Істеген ісіме жауап беруге дайынмын. Бірақ біреудің ісін мойныма алмаймын. Ешкімді өлтірген жоқпын» дейді видеодағы адам.

Бұдан соң Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) қылмыстық істің шынайы әрі жан-жақты тергелетініне кепілдік беретінін мәлімдеп, күдікті Гурурянға «жағдайы қиындап кетпеуі үшін» полицияға өз еркімен берілуге шақырған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары