$ 498.34  519.72  4.85

А.Мырзахметовті құттықтағаннан гөрі көңіл айтқан дұрыс…

Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке Мемлекет басшысы тағы бір жауапты қызмет – ҚР Премьер-министрінің орынбасары лауазымын жүктегенін білеміз. Ол сондай-ақ, жер мәселесіне қатысты құрылған комиссияға басшылықты қоса атқаратын болады. Яғни, бұған дейін комиссия төрағасы болып келген Бақытжан Сағынтаевты алмастырды. Президенттің осынау Жарлығын БАҚ өкілдері жарыса жариялағаны сол екен, жер мәселесіне алаңдап отырған қазақтар да сүйіншілете жөнелді.

Халықтың сүйінші сұрайтынындайы да бар. Елімізде сатылмаған жер ғана қалған. Оған да қол салмақ болған үкіметті толқумен тоқтатқан қазақтарға қазір қу сөзден гөрі мәселені шешетін шенеунік керек. Ал, Мырзахметовтің іскерлігі кешегі ОҚО-да әкім болған кезінде, «Нұр Отан» партиясына жетекшілік еткен кезде анық көзге көрінді. Өзгелер секілді көпіріп сөйлегеннен гөрі, өзін іспен көрсетуді жөн санайтын Мырзахметов үшін біз де алғашқыда қуанғанбыз. Алайда, зерделей келе бұл қызметтің Асқар Исабекұлына үлкен зауалы тиюі мүмкін екенін түсіндік. Атап айтсақ...

Біздің билік қандай да бір реформаны немесе үлкен өзгерістерді жүзеге асыратын кезде міндетті түрде кемі бір шенеунікті «құрбандыққа» шалатынын жақсы білеміз. Мәселен, зейнетақы жасын ұлғайтатын кезде экс-министр Серік Әбденов, девальвация жасайтын кезде Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетовтер «қарабет» болған еді. Сол секілді қазір жүзеге асқалы жатқан білім саласындағы реформалар да Ерлан Сағадиевті абыройсыз қылады деген болжам басым. Ал, үлкен дауға айналған жер мәселесінің алғашқы «құрбандары» – Ерболат Досаев пен Асылжан Мамытбековтер министр қызметінен қуылған болатын. Бұл проблеманың енді ғана басталып келе жатқанын ескерсек, қос министрдің отставкасымен мәселенің бітпейтіні анық.

Билік маңында жүрген «ұзынқұлақтарға» сенсек, Мырзахметовке орнын босатып берген Бақытжан Сағынтаев болашақта Премьер-министр болуы әбден ықтимал. Сондықтан оған дәл қазір халықтың «қаһарына» ұшырауына болмайды. Бұл ретте биліктің жер мәселесіндегі ұстанымы тағы айқын, яғни үкіметтегілер жерді қалай да болса шетелдіктерге жалға беру керек деп есептейді. Мұны апта сайын өтіп келе жатқан комиссия отырысындағы депутаттар мен ірі жер иелерінің сөзінен жақсы аңғардық. Оның үстіне, билік көздегенін қашанда жүзеге асыратынын 25 жылдық тарихымыздан жақсы білеміз.

Демек, Асқар Мырзахметовке үлкен қызметпен бірге ауыр жүк те артылып отыр. Біздің пайымдауымызша, ол халықтың тілін тауып, жерді шетелдіктерге беруге көндіруі тиіс. Көндіре алмаған күннің өзінде өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жер реформасына нүкте қоюы керек. Бірақ, қазақтардың жерді бабасының көзіндей қорғаштайтынын ескерсек, бұл тапсырманың орындалуы екіталай. Билік тіпті, бүкіл сыра зауыттарын жауып тастап, басшыларын және олигархтарды түрмеге тоғытса да, халықтың жерге деген пейілі ерекше. Оны 25 жылдық емес, 550 жылдық тарихтан жақсы білеміз.

Ендеше, Асқар Мырзахметовке тығырықтан шығатын жол таппаса, билік ойлап тапқан кезекті реформаның ол да «құрбанына» айналуы мүмкін. Мәселен, жер проблемасына байланысты құрылған комиссия өкілдерінің бәрінің тілін тауып, жердің сатылуын және шетелдіктерге жалға берілуін заң аясында қайта бекітсе, халықтың «қаһарына» ұшырайтыны сөзсіз. Ал, егер жерді халықтың иелігінде қалдырса, биліктен «оңбай таяқ жейтіні» тағы бар. Содан да болар, кешелі бері әлеуметтік желілерде Мырзахметовке құттықтау емес, көңіл айту керек дейтіндер көбейді.

Осы ретте айта кету керек, Асқар Исабекұлының ОҚО-дағы және «Нұр Отандағы» имиджін бұрынғы журналист Берік Уәли жүргізген болатын. Оны көпшілік жақсы біледі. Мырзахметовті халыққа жақындата түскен де сол Б.Уәли десек, артық айта қоймаспыз. Бірақ, бұған дейін осынау имиджмейкерін жанынан тастамай алып жүретін Мырзахметов бұл жолы оны «Нұр Отанға» тастап кетті. Бәлкім, Ауыл шаруашылығы министрлігінде журналист не істей алады деп ойлаған шығар. Алайда, дәл қазір Асқар Исабекұлының жақсы PR-менеджері болмаса расымен де кезекті реформа құрбаны болатыны анық.

Қалай болғанда да, жер мәселесі халықтың жағына қарай шешіледі деген үміттеміз. Мырзахметов өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай мәселені алып шығуы тиіс. Олай болмаған жағдайда оның жылдар бойы қасықтап жиған абыройының шелектеп төгілетін күні алыс емес.

Азамат ЕСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары