ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын бизнес көзіне айналдырып отырған жоқ па деген мәселені бұған дейін көтерген болатынбыз. Сөйтсек, бұл жерде министрдің де, ол басқарып отырған министрліктің де кінәсі жоқ секілді. Мәселенің артында билікте отырған "діндар" шенеуніктер тұруы әбден мүмкін. Өйткені, халықты әулиеден бездіру, салт-дәстүрден бездіру тек сондай топтар үшін ғана керек.
Бездіру деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Былтырдан бері Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи және Үкәш ата кесенелеріне зиярат етушілер ақы төлеп кіретін болған. Енді бұл аздай, әулиеге қонуға келген мұсылмандар да қосымша шығындалуға мәжбүр. Бұл туралы сол әулиелі жердің тұрғыны Бақыт Құлжабаев айтып берді. Редакциямызға кеп түскен видеоматериалда аталған азамат Үкәш ата басы қып-қызыл бизнеске айналып кеткенін мәлімдеген.
"Мына Үкәш бабамыздың басын коммерцияға айналдырды. Біреулердің қалтасы көтереді, біреулердікі көтермейді, соған қарамастан қонуға келгендерден әр орынға 2 000 теңгеден алады. Далаға қонса - 1 000 теңге. Келген халық қатты ренжіп, кетіп қалып жатыр. Құдықты кешкі 7-де жауып тастайды, жұмыс уақыты бітті деп, сөйтіп таң ата бір-ақ ашады. Түскі уақытта да жауып тастайды. Сонда халық қайда барады?", - дейді видеоүндеу авторы Бақыт Құлжабаев.
Оның айтуынша, әулиелі орын Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорық-мұражайына қарайды екен. "Бизнестің" бастауында тұрған да солар дейді ол.
"Басшылықты өзіміздің Имам Ағзам жолымен жүрген азаматтарға беру керек деп ойлаймын, Әулиеден, өлілерден ақша істеу деген біздің ата-бабамыздың жолында болмаған. Спонсорлыққа ақша керек, 2 миллион керек, 3 миллион керек деп жинай береді", - дейді ашынған тұрғын.
Айта кетейік, елімізде кең етек жайып келе жатқан салафизм ағымы қазақтың дәстүріне, сондай-ақ, әулиеге зиярат етуге түбегейлі қарсы. Мұны олар "ширк" деп есептейді. Ал, Қазақстанның билігінде салафилік ағымды ұстанатын шенеуніктердің бар екені қоғамда жиі айтылып жүр. Соған қарағанда, халықты әулиеден бездіру үшін осындай діни топтар әулиелі орындардың ақылы болуына ықпал етіп отырған секілді.