Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқық мәселелері жөніндегі тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан үкімет отырысында Конституцияның 26-бабын өзгертуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, Жер реформасы жөніндегі комиссия 11 шешім қабылдаған.
"Айта кеткім келетіні, бұл заң жобасы біз қабылдаған хаттамаға 100 пайыз сәйкес келеді. Мұнда мен кепіл бере аламын, себебі бұл жұмысқа өзім қатыстым. Біріншіден, мораторий бес жылға ұзарды. Қазір Парламент арнайы заң қабылдап, бекітті. Жер бес жыл бойы қазақстандықтарға да, өзге мемлекеттің азаматтарына да сатылмайды. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Конституцияның 26-бабын өзгерту ұсынылып отырғаны жайында айта кеткім келеді. Меніңше, бұл бапты өзгеріссіз қалдыру керек, себебі бұл ұсыныс күмән туғызып отыр", - деді Мұхтар Тайжан үкімет отырысында.